Су тасқыны. Биыл үй құрылысы уақытында аяқтала ма?
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен үйлердің құрылыс жұмыстары қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің дерегінше, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында 775 үй, Ақмола облысында 331 үй, Ақтөбе облысында 504 үй, Атырау облысында 100 үй салынып жатыр. Шарлапаевтың ойынша, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы биыл қыркүйекке дейін аяқталады.
Бірнеше нысан бар. Ондағы жұмыс 15-20 қыркүйекке дейін созылуы мүмкін. Басты мақсатымыз – қыркүйектің соңына дейін құрылысты толық аяқтау. Бірақ 1 қыркүйекке дейін 80 пайызын аяқтаймыз. Мәселен, Батыс Қазақстан облысын алайық. Бөрілі мен Сырым аудандарында үй құрылысы толықтай бітті. Сырым ауданында 14 үй пайдалануға берілді. 25 тамызға дейін Сырым ауданында жұмыстарды аяқтаймыз, – деді министр.
Ведомство басшысы Ақтөбе облысы мен Ақмоладағы жағдайға тоқталды.
Онда жағдай жаман емес. Тек 1 ауылда қиындық бар. Ол өте алыста орналасқан. Аудан (Ырғыз) орталығынан тағы 90 шақырым жүруі керек. Нұра ауылында жаңа үйлерді салып жатырмыз. 15-20 қыркүйекке дейін ауылда үйдің құрылысын аяқтаймыз деп ойлаймын. Ақмола облысында жағдай жаман емес. 15-20 қыркүйекке дейін үйдің құрылысы бітеді. Меніңше, 1 қыркүйекке дейін Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында үй құрылысының 80 пайызын аяқтаймыз, – деді құрылыс министрі.
Сондай-ақ Шарлапаев Қостанай облысындағы жағдай өте жақсы екенін айтты.
Қазіргі таңда өңірде 50 үй пайдалануға берілді. Қалған 50 үйді 25 тамызға дейін аяқтаймыз, – деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев еңбек демалысына қатысты сұраққа жауап берді.