Су тасқыны басталғалы 76 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге жеткізілді
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су басқан аймақтарда Төтенше жағдайлар, Қорғаныс мининистрлігі және Ұлттық ұланның әуе кемелері құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Су тасқыны басталғалы Азаматтық қорғаныс қызметтерімен 76 мыңға жуық адам, оның ішінде 30 мыңға жуық балалар (және 45 мүмкіндігі шектеулі азаматтар) қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналасу пунктеріне 7 703 адам, оның ішінде 3 266 бала орналасты, - деді Ерасыл Сайпаш.
Қазіргі уақытта еріген қар суын шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы уақытқа дейін 7,828 млн. астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды.
1,09 мыңнан астам қапшық және 996,1 мыңнан астам тонна инертті материал төселді. Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 16 мыңға жуық адам, 3 мыңға жуық техника, 6 әуе кемелері жұмылдырылды.Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 412 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағы және 1926 саяжай үйлері су астында қалуда, - деді спикер.