Су тасқыны: Балаларға қандай жағдай жасалып жатыр

Оқу-ағарту министрлігі ең көп зардап шеккен аймақтарда тұратын балаларды сауықтыру орталықтарына жіберу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ОКҚ-да вице-министр Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы тәуліктерде Алматы қаласындағы ұлттық сауықтыру орталығына Батыс Қазақстан облысынан балалар қабылданды. Одан бөлек 80 бала Ақмола облысындағы «Жасдәурен» лагеріне орналастырылды. Жалпы алғашқы лекте 11 балаларды сауықтыру орталығына Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан 600 бала қабылданады, - деп айтты министрлік өкілі брифингте.

Министрлік «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, балалардың сауықтыру орталықтарына тегін жеткізілуін ұйымдастырып жатыр.

Балалар сапалы білім алуы үшін қажетті оқу-құралдарымен, тамақтанумен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді.

Эвакуациялық пункттердегі балаларды республикалық маңыздағы инновациялық мектеп лицейлерінің жатақханаларына орналастыру және оқу процесін ұйымдастыру мәселесі шешіліп жатыр. Бүгін «Дарын» мамандандырылған мектептері балаларды қабылдауды бастады. Педагогтер мен білім саласының барлық қызметкерлеріне айрықша алғыс білдіреміз! Бүгінде білім беру саласының 20 мың қызметкері тасқынға қарсы іс-шараларға ерікті ретінде қатысып жатыр. Оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр, - деді вице-министр брифингте.

Балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмыс жасауда. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылды.

Зардап шеккен елді мекендердегі балалар қажетті оқу-құралдарымен, сондай-ақ қашықтан оқу үшін техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы