Су тасқыны. Атыраудың қауіпті аймақтағы ауылдарына 350 техника тартылды
Атырауда қауіпті аймақтағы ауылдық округтерде 350 техника жұмыс жасауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметінше, қала маңындағы қауіпті аймақта орналасқан ауылдық округтерге су тасқынына қарсы 350 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 70 техника Соколок өзені бойында жұмыс жасауда.
Атырау қаласында Жайық өзенінің көтерілуінің шектік деңгейі 500см болса, қазіргі уақытта 600см-ге жетті. Алайда, осы уақытқа дейінгі су тасқынына қарсы жасалған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Жайықтың көтерілу деңгейі бірқалыпты. Ал су басу қаупі бар Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде күні-түні кезекшілік ұйымдастырылды, - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Еске сала кетейік, су тасқынына қарсы Атырау қаласы және қала маңындағы аумақтарды қосқанда 250,7 шақырымды құрайтын Жайық өзенінің жағасына бөгет салынды.