Су тасқыны. Ақтөбенің Ырғыз ауданына қосымша техника жіберілді

Бөгеттерді нығайту мақсатында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қосымша арнайы техника жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұндай шешім Торғай өзенінің жағасында орналасқан ауылдардағы бөгеттерді тексеру нәтижесінде қабылданды.

2024 жылғы 10 сәуірде вице-премьер Серік Жұманғарин Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов және Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовпен бірге Ырғыз ауданындағы жол қатынасы үзілген ауылдардың үстінен ұшып өтті. Мұнда жергілікті төтенше жағдай режимі соңғы рет 8 сәуір күні жарияланды. Тасқын салдарынан жол учаскелерін су шайып кетуіне байланысты 12 елді мекен жол қатынасынсыз қалды. Ырғыз ауданында 2637 тұрғын үйде 2800-ден астам отбасы тұрады, оның ішінде 1282 үй Ырғыздың аудан орталығында орналасқан.

Ырғыз ауылына барған жұмыс сапарында Серік Жұманғарин аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновпен су тасқынына қарсы жұмыстардың ағымдағы жағдайын талқылады. Әкім бір сағат бұрын ғана Мамыр және Нұра ауылдары орналасқан Торғай өзенінің жоғарғы ағысында су көтеріле бастағанын жеткізді. Жағдайдың ауқымын және жаңа су басу қаупін бақылау үшін премьер-министрдің орынбасары ұшу кезінде Ырғыз өңірінің жағдайын, Торғай өзенінің жоғары жағында орналасқан Ақтөбедегі Мамыр және Қостанай облысының Ақшығанақ ауылдарындағы бөгеттердің жай-күйімен танысты.

Тексеру қорытындысына сәйкес Ақтөбе облысының Мамыр және Нұра ауылдарындағы бөгеттерді нығайту туралы шешім қабылданды. Ол үшін ҚР ТЖМ Ақтөбе облысы бойынша әскери бөлімінен және Төтенше жағдайлар департаментінен 14 адам мен 8 техника (4 самосвал, 2 трал және 2 жүк тиегіш) жедел түрде ауданға жіберілді. Ақтөбеден Ырғызға дейін ара қашықтық 430 шақырым болса, Мамыр ауылына дейінгі ара қашықтық - 130 шақырым.

Бүгін таңертең техника Ырғызға келіп үлгерді, жақын арада Мамыр мен Нұрада жұмысын бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы