Су тасқыны: ақтөбеліктер алаңдаулы
Ақтөбе облысында былтыр суға кеткен ауылдарда биыл да қауіп бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылы көктемде Ақтөбе қаласындағы саяжайлар мен облыстағы алты ауданды су басты. Аудандар арасында үш аудан, атап айтсақ, Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандары қатты зардап шекті. Мәселен, Ойыл ауданындағы Екпетал, Ырғыз ауданындағы Нұра ауылдары түгел суға кетіп, халқы баспанасыз қалды. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар мен қайырымдылық қорларының, сондай-ақ ірі кәсіпкерлердің көмегімен бұл ауылдардың халқы аудан орталықтарына көшіріліп, жаңа үйлерге ие болды.
Биыл осы ауылдарға тағы қауіп бар ма? Тұрғындардың алаңдауы заңды ма? Осы орайда ауыл тұрғындарымен тілдескен едік.
Былтыр халқы көп зардап шеккен Ойыл ауданында биыл да су басу қаупі төніп тұр.
Осы аудандағы белгілі кәсіпкер, Саралжын ауылының тұрғыны Спартак Төремұратовтың айтуынша, өткен жылғы жағдай ауыл әкімдеріне сабақ болмапты. Өйткені Саралжын ауылдық округінде өткен жылдан бері су тасқынына қарсы нәтижелі жұмыстар жүргізілмеген.
Биыл да тасқыннан қауіп бар. Себебі осы айда қар көп түсті. Сондай-ақ былтырдан бері округте ешқандай нәтижелі жұмыс жасалған жоқ. Ауылда бөгеттер салынбады. Биыл тағы шаруашылығымыздың жері суға кетуі мүмкін. Бұрын ауыл маңында судан қорғайтын дамбылар болды. Соның барлығы былтыр қиратылды, қайта қалпына келтірілген жоқ. Шаруа қожалықтарының басшылары әкімдерге өзен маңындағы аумақтар тағы суға кететінін айттық. Алайда көзге көрініп, жасалып жатқан жұмыс жоқ. Өткен жылы Саралжын ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ақкемер ауылында 16 үй суға кетті. Биыл осы ауылды судан алып қалу үшін бөгет салынып жатыр. Дегенмен қатты тасқын болса оған ешкім кепілдік бермейді. Ал біздің ауыл құмды, әрі елді мекен қырда орналасқан. Былтыр екі үй ғана су астында қалды. Оларға жаңадан үй салып берді. Өткен жылы биылғыдай қар болған жоқ, сонда да тасқын болды. Биыл не болатынын енді уақыт көрсетеді, - дейді ауыл тұрғыны.
Ал осы ауданның тұрғыны, "Естек" шаруа қожалығының иесі Андрей Сисенғалиевтің былтырғы тасқын кезінде қыстағы, базы түгел су астында қалған. Ол күзде қыстағынан қырға көшкен. Биыл өзі тұрған аумағында қауіп жоқ екенін айтады.
Былтыр көктемде су алған базымызды күзде қырға көшірдік. Мұнда 9 үй суға кеткен болатын. Барлығымыз қырға көшіп, қонысымызды өзгерттік, ұңғыма қаздырдық. Бірақ базымыздың құрылысы біткен жоқ. Биыл өлкемізге қар аз түсті, тек соңғы екі-үш күнде жауған қар тау төбе болып үйіліп қалды. Бүгін де қар жауып жатыр, тазалап үлгермей жатырмыз. Өткен жылы болған су тасқыны салдарынан ауданымызда екі ауыл қатты зардап шекті: қазір Екпеталда ел қалған жоқ, ал Қаратал ауылына үлкен дамбы салынды. Биыл тасқынның алдын алу үшін Құрман ауылын да аудан орталығына көшіреміз деп жатыр, себебі бұл ауыл суға кетуі мүмкін. Қазір алдын алу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді шаруа қожалығының басшысы.
Андрей Сисенғалиевтың қожалығында бүгінде 80-ге жуық ірі қара, 25 бас жылқы, 200-дей қой бар. Былтыр қыстағы да, базы да су астында қалды. Алайда шаруа әлі күнге дейін қожалыққа көмек ретінде берілетін өтемақысын алмаған.
Оның айтуынша, былтыр өңірлік комиссия су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданындағы 53 шаруашылықтың құжаттарын тексерген. Оның ішінде 22-сінің құжаттары түгел болмай, оларға қордан қаржы төленген. Қалған 31 шаруа қожалығына қаулы шығарылған, алайда қаржы берілмеген.
Ал Қобда ауданында қазір су тасқынына дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл туралы Қобда ауданы Қобда ауылының тұрғыны Нұрлыбек Кереймағанбетов айтып берді.
Биыл ауданда бөгет салынды. Қазір жауапты мекемелер тасқынға қарсы дайындалып жатыр. Биыл қауіп болмау керек. Былтыр Қобдадағы су алған жерлер тазартылды. Ал суға кеткен үйлердің орны бос тұр. Суға кеткендерге Жаңақоныстан үй салып беріп, көшірді. Биыл қалған үйлер бұзылады. Өткен жылы Қобда ауылымен қатар Жарық ауылында 14 үй суға кеткен еді. Бұл ауылдың шет жағын су алды, өзен жайылғанда үйлерге су кірді. Жалпы соңғы жылдары өңірде ауа райы құбылмалы боп тұр. Кешегіде ауылымызға екі-үш күн бойы қар жауды. Қазір көшелерді тракторлар тазартып жатыр. Әлі қар түседі деп айтып жатыр, егер көп түссе, қауіп болуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазір ауа райы тез жылып, қар тез ериді. Жер қатты болған соң қардың суы сіңбейді. Дайындық жаман емес, екі жыл бойы суға кеттік. Биыл енді алдын алады деп ойлаймын, - дейді ауыл тұрғыны.
Былтыр Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимі жарияланып, аудандар арасында соңғы болып суға кеткен аудан — Ырғыз ауданы. Бұл ауданда бірнеше ауылды су басты. Соның ішінде халқы түгел суға кетіп, баспанасыз қалған елді мекен — Нұра ауылы. Осы ауылдың тұрғыны Бақытылы Байбахтина өткен жылы күзде Нұра ауылына жақын Сарыоба аталатын жерден салынған тұрғын үйлерден жаңа баспанаға ие болған. Қазір сол жерде тұрып жатыр.
Былтыр Нұра ауылы түгел суға кетіп, бәріміз үйімізден, қорамыздан айрылдық. Бірнеше ай әр жерді паналап жүрдік. Әйтеуір күзде баспанамызға қол жеткізіп, қазір сонда тұрып жатырмыз. Бұрынғы ауылда қазір тек мал бағатын бірлі-жарым азаматтар қалды. Ал олардың отбасы осында — Сарыобада тұрып жатыр. Біздің ауылымызда биыл қалың қар жоқ. Дегенмен су келеді деп жатыр, суға кетеміз бе, жоқ па, ол жағын білмейміз. Біз тұрған жер биік, бұйырғанын көреміз, - дейді Бақытылы Байбахтина.
Айта кету керек, былтыр қазан айында су тасқынынан зардап шеккен нұралықтарға
Сарыобадан — 63, Ырғыз ауылынан 51 үй салынып, берілді. Жаңа үйлердің ауданы — 80 шаршы метр. Барлық үй бір типпен салынған.
Р.S. Қысқасы, былтыр суға кеткен аудан тұрғындарының көбі қазір алаңдап отыр. Бәрінің тілегі бір: былтырғы жағдай қайталанбаса екен. Облыстағы барлық жауапты органдар тасқынға қарсы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Алайда биыл өңірде су тасқыны бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді...