Су тасқыны. Ақтөбелік бес отбасы баспаналы болды
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы 5 үй сатып алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, жаңа қоныс иелері - Әйтеке би ауданының тұрғындары. Оларға Темірбек Жүргенов және Әйке ауылдарында дайын тұрғын үй сатып алынды. Бүгін Әйтеке би ауданының әкімдігінде тұрғын үй сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылды. Құжатқа қордың өкілдері, Әйтеке би ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы, сондай-ақ тұрғын үй сатушысы және болашақ иесі қол қойды.
Айта кету керек, зардап шеккен тұрғындар баспаналарды өздері таңдады. Олардың талап-тіілегі үйдің құрылысын күтпестен, дайын баспана сатып алу еді. 4 отбасыға аудан орталығында, 1 отбасыға Әйке ауылында үй сатып алынды. Әйтеке би ауданының материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясына 133 өтініш келіп түскен. 46 тұрғынның үйлері апатты деп танылды. Алғашқы 5 отбасы баспанаға ие болды. Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, келесі аптада тағы 15 отбасыға үй сатып алынады.
Кеше үйімізден айырылып, енді біз қалай боларын және не күтетінімізді білмедік. Ал, енді міне бізде жаңа үй бар, қалыпты өмірімізге оралудамыз. Біз үйімізді өзіміз таңдадық, - дейді Әйтеке би ауданының тұрғыны Ләззат Жұбатова.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда.
Барлық азаматқа жан-жақты көмек көрсетіліп, бүлінген мүлік пен қаза тапқан малға өтемақы төленуде.