Су тасқыны. Ақтөбеде тасқын салдары қалпына келтіріліп жатыр

Өңірдегі су тасқынына қарсы шаралар туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысында су тасқыны басталған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 41 елді мекен немесе 5 000-ға жуық абоненттің электрмен жабдықтау қызметі қалпына келтірілді. Қазіргі таңда 14 елді мекенде 236 абонент ажыратулы, дегенмен барлық тұрғынға дизельдік генератор арқылы тоқ беріліп жатыр. Осы уақытта 10 бригада, 60 техника барлық елді мекендерде қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылуда. Электр қуатын қалпына келтіру жоспары құрылды. Жоспарға сәйкес су деңгейінің төмендеуіне орай 7 күн ішінде жұмыстар аяқталады, - деді ол.

Сондай-ақ су шайып кеткен облыстық жол учаскелері мәселесі туралы ақпарат берді.

Облыстағы 11 елді мекенмен жол қатынасы уақытша үзіліп тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 30 наурызда осындай 17 елді мекен болған. Бүгінде 10 елді мекенмен көлік қатынасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Осымен бірге, Ойыл ауылындағы үлкен көпірді қалпына келтіру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жобалау мекемелерімен техникалық тексеру жұмыстары ұйымдастырылды, - деді Есенбаев.

Сонымен қатар біржолғы әлеуметтік төлем бойынша бүгінгі күні 1 026 құжат қабылданған. Оның 504 отбасына 163 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жүргізілді. Қалған 522 отбасының құжаттары қаралымда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы