Су тасқыны. Ақтөбе облысында жаңа үйлер салынып жатыр
Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер салынып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен Нұра ауылының тұрғындары үшін Сарыобадан жаңа үйлер салынып жатыр. Бұл аумақты ауылдықтардың өздері таңдаған. Жоспар бойынша мұнда 74 баспана тұрғызылады. Сондай-ақ көгілдір отын, ауыз су және жарық желілері тартылады. 11 мердігер компания қажетті құрылыс материалдарымен қамтылған.
Бұдан бөлек, Ырғыз ауылында 50 үй салынып жатыр. Жалпы, Ырғыз ауданы бойынша көктемгі тасқын салдарынан 167 баспана су астында қалған. Мамандардың айтуынша, 6 үй жөнделіп, 134-і жаңадан салынады. Қалған 27 отбасы дайын үйге қоныс аударған.
Нұра ауылын Сарыоба жеріне көшіріп жатырмыз. Соған байланысты инженерлік желілер тарту қажет. Ал мектепке келетін болсақ, мектептің жобасы қазіргі таңда жасалынып жатыр. Бірақ ол мектеп бір жылда бітетін шаруа емес. Сондықтан осы оқу жылында балаларды қай жерде оқыту мәселесі әлі де қаралуда, - деді Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.