Су тасқыны. Ақтөбе облысында аудан түлектері емтиханнан босатыла ма?
Биыл Ақтөбе облысында мектеп бітіруші түлектер 25 мамыр-12 шілде аралығында ҰБТ тапсырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, өңірде ҰБТ тапсыруға 8342 түлек тіркелген. Тестілеу Ақтөбе және Шалқар қалаларындағы USTUDY орталығы базасында өткізіледі.
Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен су тасқыны салдарынан ұзақ уақыт сабақты қашықтан оқыған Ойыл ауданы Шығанақ Берсиев атындағы мектептің 9,11-сыныптағы 52 оқушысы мен Ырғыз ауданындағы 8 мектептің 9,11-сыныпты бітіруші 280 оқушысы қорытынды аттестаттаудан босатылды. Қалған түлектер 11 маусымға дейін 5 пәннен мемлекеттік емтихан тапсырады, - дейді Бертілеуова.
Жалпы биыл Ақтөбе облысында 9236 түлек мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 681 (7,4%) түлек орта білім туралы үздік аттестатқа үміткер болса, 489 (5,3%) түлек — «Алтын белгі» аттестатына үміткер. Қазіргі таңда облыс бойынша 9-сыныптың 15 066 оқушысы және 9113 түлек мемлекеттік емтихан тапсырып жатыр.
Биыл Жоғары білім және ғылым министрлігі облысымызда болған су тасқыны жағдайын ескеріп, мектеп түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға көбірек уақыт беру үшін кесте бойынша өту мерзімін өзгертті. Өңірімізде биыл тестілеу 25 мамыр-12 шілде аралығында өтеді. Сондай-ақ биыл су тасқынынан зардап шеккен Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарындағы 9 мектеп Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығымен Білім алушылардың білім жетістіктері мониторингісінен босатылды. Бұл мониторингке облыстағы қалған 87 мектеп қатысады, - дейді Нұргүл Бертілеуова.
Оның айтуынша, биыл 4-тоқсанда облыстағы барлық мектепте 2-11 сыныптарға жиынтық бағалау өткізу тоқтатылған.