Су тасқыны: Ақтөбе облысында 200-ге жуық үй салынып жатыр

Ақтөбе облысында ең көп үй - Ойыл ауданында, оның ішінде Қаратал ауылында бой көтеруде, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Аудан бойынша 177 үй салынуда, 130 дайын үй сатып алынған.

Қаратал наурыз айының соңында су тасқынына ұшыраған. Кенеттен келген қарғын судан 210 үйді басып қалды.

Қазір жарамсыз күйге түскен 131 баспананың орнына жаңасы салынып жатыр. Шатырлары жабылып, терезесі мен есігі салынып, үйлердің ішін әрлеу, сылау жұмыстары жүріп жатыр. Ал 61 отбасы дайын үйге көшкен. Сондай-ақ 18 отбасының баспанасы жөндеуге жатқандықтан, өтемақы төленді. Қазір тасқынның салдарын жою ісі қарқынды жүріп жатыр.

Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандар, бөгеттерге де зақым келген болатын.

Облыс аумағында орналасқан 206 гидротехникалық құрылымның 15-і қираған. Су тасқынының салдарын жою үшін қазіргі уақытта қажетті жұмыстар жүргізілуде. Гидроқұрылыстар бойынша барлық процестерді жеделдету, сондай-ақ 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында қауіптің алдын алу шаралары қолға алынған.

Сонымен қатар өңірде 58 көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін ҚР Үкіметінің резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық резервтен 6,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде. Барлығы 100 су өткізгіш құбырды, 23 көпірді, 47,2 км жолды салу және жөндеу жоспарда бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы