Су тасқыны: Ақмоладағы волонтерлер зардап шеккен 250-ден астам адамға көмектесті
Ақмола облысы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-офисі волонтерлері өңірдегі ТЖ кезінде 250-ден астам су апатынан зардап шеккен мұқтаж жанға қол ұшын созып, 50-ге жуық адамды эвакуциялауға көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Ақмола облысы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-офисінің басшысы Дидар Хамзин хабарлады.
Оның айтуынша, еріктілер 2,5 тонна азық-түлік гуманитарлық көмек жинады.
ТЖ орын алған 5 ауданға толық гуманитарлық көмек жеткізілді. Апат уақытында мұқтаж жандарға, ТЖ және ПД қызметкерлеріне 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді, - деді спикер.
Сондай-ақ Алматы облысының «Күшіміз бірлікте» волонтерлік фронт-офисі өзге өңірлерге көмектесуде. Қазіргі уақытта 9 аудан, 1 қала, сондай-ақ, «Amanat» партиясы, Қоғамдық келісім және даму орталығы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, «Жастар рухы», өңірдің белсенді азаматтары, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктермен бірге 230 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналып, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына, Орал қаласына жеткізілді.
Алматы облысының атынан Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына 15 волонтер көмекке барып келді. Апат болған аймақтағы ахуалды штаб өкілдерімен хабарласып, қажетті заттарды біліп жіберіп отырмыз. Жалпы 9 аудан 1 қала бойынша 3 апта көлемінде 500 волонтер жұмыс атқарды, - деді Алматы облысы волонтерлер фронт офисінің басшысы Мақсат Кенешов ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Кеше Атырау облысына 61 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Сонымен қатар, зардап шеккен аймақтарға құтқару жұмыстарына арналған 171 техника бірлігі жіберіліп, «Қазақстан халқына» және «Демеу Қазақстан» қорларына 48 млн теңге қаржылық көмек аударылды.