Су тасқыны. 50 мыңнан аса ерікті атсалысып жатыр

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 50 000-нан астам волонтер жұмылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Волонтерлер тұрғындарды эвакуациялауға атсалысып, құтқарылған адамдарға алғашқы медициналық, психологиялық көмек көрсетеді, гуманитарлық көмекті жинап сұрыптайды, жан-жаққа жөнелтіп, арық қазып, бөгеттерді күшейтеді. 

Қажет болған жағдайда құтқару және әскери құрылым қызметкерлеріне ыстық тамақ ұйымдастырады. Бүгінгі таңда волонтерлер шамамен 9903 тонна гуманитарлық көмек жинады, оның 6326 тоннасы «қызыл» аймақтарға жеткізілді және зардап шеккендерге таратылды. Ақтөбе облысында азаматтарды эвакуациялауға және гуманитарлық көмек пункттеріндегі жұмысқа 8600-ден астам волонтер жұмылды. 

Екі гуманитарлық көмек пунктінде 860 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Волонтерлер күш-жігерінің арқасында 10 000 құтқарушы мен эвакуацияланған тұрғынға ыстық тамақ ұйымдастырылды. Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларда 8 000-нан астам волонтер жұмыс істейді, гуманитарлық көмек жинау пункттерінде 780 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. 

4000-нан астам волонтер қаланың әртүрлі аудандарында қаптарға құм толтырып, бөгеттер салып, судан қорғану шараларымен айналысып жатыр. Қостанай облысында 10 000-нан астам волонтер жұмылдырылып, 550 тоннадан астам азық-түлік, 720 тонна азық-түлікке жатпайтын қажетті тауарлар жиналды. Атырау облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға 13 мыңнан астам волонтер тартылды, гуманитарлық көмек жинау пункттерінде 1890 тонна тауарлар мен заттар жиналды. Атырау қаласында бөгеттерді күшейту үшін 107 пункт орнатылды, әлі де бөгеттер салынып жатыр. Инфрақұрылымдық объектілерді қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Солтүстік Қазақстан облысында 530 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды, Түркістан облысында 18 волонтерлер штабы құрылды, зардап шеккен өңірлерге 950 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Астана қаласының 30 волонтерлік ұйымы 1120 тонна азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын қажетті тауарларды жинап берді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы