Су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бес өңірінде су тасқынының алдын алу үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Ел аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты. Өткен тәулікте үйлерді су басу және жолдарды су шаю фактілері тіркелген жоқ.
ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, республикалық жедел штаб, сонымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖД-да штабтар жұмысын жалғастыруда.
Көктемгі су тасқынынан туындаған ТЖ-ның қауіп-қатерін азайту мақсатында Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында жергілікті атқарушы органдардың және ТЖМ бөлімшелерінің күштері профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Ақмола облысының Шортанды ауданындағы Талқара және Колутон өзендерінде мұз жамылғысын әлсірету бойынша жалпы ауданы 600 шаршы метр мұз жару жұмыстары жүргізілді. Ол үшін 135 кг жарылғыш зат пайдаланылды, - делінген хабарламада.
Целиноград, Жарқайың, Шортанды және Есіл аудандарында көшелер мен аула аумақтарынан 516,5 текше метр еріген қар суы сорылды. Көкшетау қаласы, Атбасар және Бұланды аудандарында инертті материал толтырылған 1726 қап төселді, Сандықтау және Бұланды аудандарында инертті материал толтырылған 450 қап дайындалды. Көкшетау қаласы және Целиноград ауданында 380 метр бөген нығайтылды. 7 ауданда (Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жақсы, Сандықтау, Шортанды) және Көкшетау қаласында 13198 метр канал тазартылды, 34,219 текше метр қар шығарылды.
Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласы мен Бесқарағай ауданында көшелер мен аула аумақтарынан 2742 текше метр еріген қар суы сорылды. Жағдайды бағалау мақсатында әкімдік, ТЖД, «Қазселденқорғау» ММ филиалы және «Қазэкспертиза» ЖШС өкілдері Алтай ауданының, Глубокое және Катонқарағай аудандарының аумағын әуеден шолып ұшып шықты. Көкпекті ауданының Самарское ауылында ТЖМ 52859 әскери бөлімінің мамандары ұзындығы 300 метр арықты тазартып, халықтың әлеуметтік осал тобына көмек көрсетуде (аулаларды қар мен мұздан тазартты, арықтар мен арналарды тазартылды).
Алтай ауданында (Алтай қ., Малеевск к., Зубовск к.) су тасқыны жағдайында іс-қимыл тәртібі бойынша халықпен жұмыс ұйымдастырылды (39 үй), 100 қап инертті материалмен толтырылды. Ұзындығы 50 метр су құбы мен арна тазаланды.
Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында, Бөрлі, Қаратөбе, Теректі және Шыңғырлау аудандарында көшелер мен аула аумақтарынан 8336 текше метр еріген қар суы сорылды. Орал, Ақсай және Шыңғырлау аудандарынан 5,537 текше метр қар шығарылды.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында (Қаракөл ауылы) ұзындығы 50 м жер білігі салынды, 50 тонна инертті материалдар қоры дайындалды. Бұқар жырау (800м) және Осакаров (200м) аудандарында жолдарда 1000 метр арық және 5 су өткізу құрылысы, Ақтоғай ауданында 300 м канал тазартылды. Облыстың 4 ауданында (Ақтоғай, Нұра, Осакаров, Қарқаралы) 835 текше метр қар шығарылды.
Павлодар облысының 3 қаласы (Павлодар, Екібастұз, Ақсу) мен 3 ауданында (Ақтоғай, Железин, Ертіс) 3452 текше метр қар шығарылды.
Профилактикалық жұмыстарды жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардан, Полиция департаментінен және ұйымдардан 937 адам, 390 бірлік техника, 30 бірлік мотопомпа жұмылдырылды.