Су тасқынынан зардап шеккендерге мобильді ХҚО қызмет көрсетуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташеваның тапсырмасымен Мақтаарал ауданындағы тасқын судың зардабынан эвакуцияланған тұрғындарға құжаттарын қалпына келтіріп, көмек көрсету үшін жасақталған 5 мобильді топ апат аймағына жіберілді.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінен хабарланды.
Мемлекеттік корпорацияның барлық қажетті құралдармен жабдықталған мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) аудан бойынша орналасқан 19 эвакуациялау пунктерін кезекпен аралайды. Мамандар зардап шеккен жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша құқықтық кеңес беріп, құжаттарын қалпына келтіру үшін өтініш қабылдайды.
Бұл ретте тұрғындарды құжаттандыру бойынша миграциялық қызмет басқармасымен және басқа да атқарушы органдармен жедел түрде ықпалдасу ұйымдастырылған. Мобильді топ бірінші жұмыс күні 150-ден аса адамға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берді. Эвакуациялау пунктерінде мамандар мақтааралдықтардың жоғалған құжаттарын қайта рәсімдеуге өтініштер қабылдап жатыр.