Су тапшылығы. Үкімет басышы Астана маңында елді мекендердің жағдайын айтты
2025-ші жылдың соңына қарай халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министр аталаған мәселені аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі деп атады.
Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуы керек.
Елді мекендердің ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауылдардың шекараларына дейін тарту жоспарларымен үйлестіру керек, – деді Бектенов үкімет отырысында.
Бектенов кейбір топтық су құбырларын салу жобалары ұзаққа созылып кеткенін айтады.
Кей жерлерде ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, қажетті су көзі жоқ. Мысалы, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында осындай жағдай қалыптасып отыр. Яғни, ауыл ішінде желілер тартылған, ал Кенжебай және Рақымжансай топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында, – деді Үкімет басшысы.