Мақтаарал: Су басқан алқаптың ғарыштан түсірілген суреті жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жерді қашықтан зондтау және жер учаскелерін цифрлау жүйесі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы су басу аумағын жедел анықтауға мүмкіндік берді.
KazStSat және KazEOSat-1 қазақстандық спутниктерінен, сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық әріптесі – Airbus D&S спутнигінен алынған ғарыштық мониторинг деректері өңірдегі су тасқыны жағдайын талдауға негіз болды.
"Қазақстан Ғарыш Сапары" мамандары қысқа мерзімде су басқан елдімекендердегі үйлер мен ғимараттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін анықтады. Бұл Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіндегі цифрланған кадастрлық деректердің арқасында мүмкін болды.
Әкімдік осы мәліметтер бойынша зардап шеккен азаматтарды, яғни жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелерін анықтай алды.
"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ мамандары ғарыштан алынған деректерді арнайы геопорталға орналастырды. Төтенше жағдайды одан әрі қадағалау үшін бұл деректер Түркістан облысының әкімдігіне және Төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық департаментке беріліп отырды. Спутниктен алынған деректер ТЖ кезінде үнемі жаңартылып тұрады.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы "Сардоба" су қоймасы бөгетінің бұзылуы туралы хабар берілген бойда, Жерді қашықтан зондтау құралдары арқылы жағдай бақылауға алынды. Спутниктердің жұмысын бақылап отыратын "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының мамандары "KazEOSat-1" және "KazEOSat-2" жерсеріктерінің орбиталардан өтуіне септесе, "Ghalam" ЖШС мамандары ғылыми-технологиялық мақсаттағы KazStSat спутнигінің қажетті аймақтың үстінен өтуіне септеп, алдағы күнге түсірілім жұмысын жоспарлады. Осымен бірге, белгіленген аумақты суретке түсіру жұмысына "Қазақстан Ғарыш Сапары"-ның әлемдік әріптестері: Airbus, Maxar, Planet операторлары да қатысты.