Су шаруашылығына қатысты мамандар қатты тапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» атты Парламенттік тыңдауда су шаруашылығына қатысты мамандар тапшылығы талқыланды. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин: 

90 жылдардың басында салада 38 мың маман еңбек етсе, бүгінде ол 7 есеге кеміген. Бүгінгі түлектердің біліктіліктері өте төмен. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде дайындалған 11500 маманның 25-і ғана су саласына тиесілі болса, олардың 9-ы ғана аталған салада қызмет етіп жатыр. Бұл – стратегиялық маңызды секторға жеткілікті көңіл бөлінбеуінің көрінісі. Сарапшылардың болжауынша, 2040 жылға қарай 25 мыңға тарта маман қажеттілігі күтіледі, – деді өз сөзінде.   

Осы орайда, ол арнайы мамандандырылған оқу орнын ашуды ұсынса, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев су шаруашылығына қатысты кадрларды дайындауды өз күшімізбен жүзеге асыра алмайтынымызды алға тартады. 

Ашығын айту керек су шаруашылығы үшін кадрларды қазіргі заманғы деңгейде дайындауды өз күшімізбен қамтамасыз ете алмаймыз.  Кадр мәселесін шешудің ең қысқа жолы Қазақстанда су шаруашылығы бойынша әлемде жетекші университеттердің филиалын ашу, – деді ол. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы