Су шаруашылығы саласында 975 тұрақты жұмыс орны құрылады
Инфрақұрылымдық жобалар аясында тағы 1866 адам уақытша жұмыспен қамтылады.
Жобаларды Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асыруда. Су шаруашылығы нысандарын қауіпсіз пайдалану және су ресурстарын тиімді қолдану үшін жаңа жұмыс орындары қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыс орындарын құру өңірлердегі, әсіресе ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бұл салаға жаңа білікті мамандарды тартуға да септігін тигізеді. Бүгінгі таңда су мамандықтары бойынша 2,7 мыңға жуық студент білім алуда. Сондай-ақ, жыл сайын сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру шаралары жүзеге асырылып жатыр, – деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
2024 жылы бекітілген Кешенді жоспарда 42 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту көзделген.
Қазіргі уақытта үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында тағы екі нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ екі су қоймасының құрылысына жобалық құжаттама дайындалып, 13 нысан бойынша құжаттар әзірлену үстінде.
Бұдан бөлек, бес су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Тағы сегіз нысан бойынша жобалық құжаттама дайын, ал 18 су қоймасының құжаттары әзірлену сатысында тұр.
2024–2025 жылдары елде 1,5 мың шақырымға жуық канал реконструкцияланып, жаңғыртылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 962 шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 200 мың гектарға жуық суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.