14 Қазан 2026, 11:41 Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су саласындағы жобаларға қаржы қайдан тартылады? – Нұржігітов жауап берді

Құрылтай депутаты Шынасыл Ерназар Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен «Су ресурстарын тиімді басқару» бағдарламасына қажетті қаражаттың қайдан тартылатынын сұрады, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ұсынылған материалдарға сәйкес, «Су ресурстарын тиімді басқару» бағдарламасының 2027-2029 жылдарға арналған нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін 1,64 трлн теңге қажет. Алайда қарастырылған лимит 508 млрд теңгені құрайды.

Яғни қаржыландырудағы айырмашылық 1,13 трлн теңге немесе 69%. Саланы жеткілікті деңгейде қаржыландыру – ол жағдайда су шығынын азайту, су шаруашылығы жүйелерін цифрландыру, су ресурстарын жинақтау көлемін ұлғайту және халықты сумен қамтамасыз ету сияқты негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу, – деді Шынасыл Ерназар.

Осыған байланысты депутат министрлікке екі сұрақ қойды.

Қолданыстағы қаржыландыру көлемі жағдайында министрлік нақты қандай нысаналы көрсеткіштердің орындалуына кепілдік береді? Және қаржыландырудағы осы айырмашылықты қандай көздер есебінен жабу жоспарланып отыр? – деп сұрады депутат.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, 2024 жылы су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Құжатта саланы қаржыландырудың төрт көзі қарастырылған.

Бірінші, әрине, сіз айтып отырған республикалық бюджет. Одан бөлек жергілікті атқарушы органдар тарапынан коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруге қаражат бөлінеді. Үшінші – жеке азаматтар тарапынан бөлінетін қаражат. Төртінші – халықаралық қаржы институттары, – деді министр.

Оның айтуынша, министрлік осы төрт қаржы көзі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Соңғы жылдары Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Дүниежүзілік банк арқылы шамамен 350 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, 178 жоба іске асырылып жатыр. Оның бір бөлігі биыл аяқталады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар 2026 жылы Ислам даму банкі арқылы 270 млрд теңге көлемінде қаржы тартылып, 100-ден астам жобаны іске асырылып жатқанын айтты.

Министрліктің Азия даму банкі және Еуразиялық даму банкімен де қаржы тарту бағытында жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылды.

Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, аталған қаржы көздерін тиімді пайдалану арқылы бағдарламада көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткізу жоспарланып отыр.

Министрлік қазір осы қаржы көздерімен, одан бөлек Азия даму банкі және Еуразиялық даму банкімен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Осы қаржы институттары тарапынан қаражат толық көлемде тартылса, аталған индикаторлар толық орындалады деп есептейміз, – деді министр.