Су саласында қандай ірі жобалар жүзеге асыралады
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістегі Үкімет сағатында Қазақстандағы су саласындағы ірі жобалар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы жалпы сомасы 184 миллиард теңге болатын 138 жобаның іске асырылуы жоспарланып отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда 67%-ға артық көрсеткіш. Бұл жобалар еліміздің түрлі облыстарында сумен жабдықтау, су қоймаларын салу мен қайта жаңарту жұмыстарын қамтиды.
2025 жылға арналған негізгі жобалар
2025 жылы еліміздің 9 облысында, атап айтқанда Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау нысандарын салу мен қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылмақ. Осы мақсатқа биыл 71 миллиард теңге бөлінді. Бұл жобалар нәтижесінде 468 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, 2,5 мың шақырым су құбыры салынады және жаңартылады, - деді Нұржігітов.
Ірі инфрақұрылымдық жобалар
Іске асыру жоспарланған ірі жобалар қатарында:
- Түркістан облысында Қарақуыс су қоймасының құрылысын аяқтау (1,1 млн текше метр);
- Жетісу облысында Қызылағаш су қоймасын реконструкциялау (42,6 млн текше метр);
- Солтүстік Қазақстан облысында «Биопруд» су жинақтауышының қорғаныс дамбасын салу (35 млн текше метр);
- Ақмола облысында Жабай өзенінің Балкашино ауылы маңында су жинақтауыш салу (1,5 млн текше метр);
- Жамбыл облысында «Андас 1 және 2» тоғандарының құрылысын аяқтау (1,4 млн текше метр).
Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров және Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.
2025 жылдың соңына дейін шамамен 180 миллион текше метр көлемінде тасқын және еріген суды қосымша жинауға мүмкіндік беретін су қоймаларын пайдалануға беру жоспарда бар.
Барлық жоба су ресурстарын тиімді пайдалануды көздей отырып, автоматтандыру жүйелерін қамтиды. Жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары осы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, бұл жобалар еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану мен сумен жабдықтау саласын жақсартуға бағытталған ірі қадамдар.