Су саласына алаңдаймын - депутат Әбдікеров
Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында сенатор Рысқали Әбдікеров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат еліміздегі суармалы егіншілікті дамыту деңгейінің төмендігіне алаңдаулы.
Су саласындағы проблемаларды көтеріп, депутаттық сауал жолдаған сенатор 1990 жылдары әлемде баламасы жоқ Қаныш Сәтпаев атындағы арна аумағындағы суармалы егістік алқабы 80 мың гектар болса, қазіргі уақытта тек 13 мың гектар қалған деп отыр. Осылайша, қолда бар қуаттың тек 10%-ы ғана пайдаланылады. Депутат мұның барлығы еліміздің басқа өңірлеріндегі суармалы егіншілікте су тапшылығы аясында болып жатқанына таңданыс білдірді.
Ең қызығы, еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілікпен айналысу үшін су жеткіліксіз болып жатса, ал Орталық Қазақстанда су бар, бірақ толық пайдаланбай отырмыз. Сонымен бірге, жекелеген өңірлерде жеміс-көкөніс өнімдерін жасақтайтын арнайы қойма инфрақұрылымы да жеткілікті деңгейде дамымағанын атап өткен жөн. Сондықтан заң талаптарына сай жер пайдаланушыларға суармалы жердің құнарлылығы мен өнімділігін арттыруға қатаң талап қоюмен бірге, мемлекет тарапынан қолдауды да жан-жақты күшейту қажет, - деді Рысқали Әбдікеров.
Сенатор осыған байланысты Қаныш Сәтпаев атындағы арнаның қуатын толық пайдалануды, Қарағанды облысындағы суармалы жерлерді қалпына келтіруді, аграршыларға субсидия мен жеңілдетілген несие беруге мүмкіндік беретін шаралар қабылдауды ұсынды.
Шағын фермерлерге су үнемдеу технологияларын сатып алуға және құрылысқа берілетін субсидия көлемін 50% орнына 80%-ға дейін ұлғайту керек. Суару жүйелерін күрделі жөндеу және реконструкциялауға, әсіресе, шаруашылықішілік каналдар және коллекторлық-дренаждық жүйелерді жыл сайын тазартуға қаражат қарастыру қажет. Жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын арнайы қойма салуға кәсіпкерлерді ынталандыру үшін инвестициялық субсидия мен жеңілдетілген несие беру керек. Су мамандарына ерекше еңбек жағдайын жасап, ауылдық жерде жұмыс істегені үшін қосымша үстемеақылар қарастыруды, сондай-ақ олардың дайындығы мен тәжірибелерін арттыру қажет деп санаймын, - деп атап өтті депутат.