ҚазҰУ мен Су ресурстары министрлігі су қауіпсіздігін нығайту бағытында келісім жасасты
ҚазҰУ мен Су ресурстары министрлігі су қауіпсіздігін нығайту бағытында ынтымақтастық орнатады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гидрологиялық болжау жүйесін дамыту және су шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бағытында ынтымақтастықты күшейтеді. Тараптар өзара меморандумға және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжаттарға қол қою рәсіміне Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – ғылыми, технологиялық және білім беру әлеуетін біріктіру арқылы Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайту, су ресурстарын тиімді пайдалану және су шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал ету.
Меморандум аясында су қорын қорғау және пайдалану саласындағы бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру, білікті мамандар даярлау, өндірістік практика мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, сондай-ақ ақпарат, деректер және тәжірибе алмасу көзделген. Сонымен қатар тараптар бірлескен тренингтер, семинарлар мен ғылыми мектептер өткізуді жоспарлап отыр.
Гидрологиялық болжау жүйесі жетілдіріледі
ҚазҰУ мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ арасында жасалған ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім ұлттық гидрологиялық болжау жүйесін дамытуға және ел аумағында су тасқыны мен құрғақшылыққа дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Келісімге ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла қол қойды.
Құжатта TALSIM-NG гидрологиялық моделін және Delft-FEWS платформасын университеттің Farabi Supercomputer Center суперкомпьютерлік орталығының есептеу қуаттарын пайдалана отырып іске қосу, бейімдеу және сүйемелдеу қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс су тасқыны мен құрғақшылықты болжау әдістерін жетілдіруге, қысқа, орта және маусымдық мерзімдерге арналған болжамдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тараптар Қазақстан өзендері мен су нысандарында бірлескен далалық зерттеулер жүргізіп, су нысандарының цифрлық егіздерін жасауды және дамытуды жоспарлап отыр. Бірлескен ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін гранттық және донорлық қаржыландыру көздерін тарту да келісімнің маңызды бағыттарының бірі саналады.
Университеттің ғылыми әлеуеті су саласына бағытталады
ҚазҰУ-ға сапары барысында министр Нұржан Нұржігітов университеттің инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Ол Farabi Supercomputer Center суперкомпьютерлік орталығын, жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамытуға арналған Farabi HUB платформасын және қашықтан зондтау технологиялары мен оларды қолдану жөніндегі Қазақстан-Қытай зертханасын аралады.
Бұдан бөлек, министр университеттің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, су ресурстарын сақтау мен оларды ұтымды пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су қауіпсіздігі – тек бір саланың міндеті емес, елдің дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе.
Су қауіпсіздігі – жекелеген саланың ғана мәселесі емес. Бұл – елдің дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей қатысты мәселе. Біз су экожүйелерін сақтауды, төтенше жағдайлардың алдын алуды және алдағы жылдарға арналған сенімді басқару жүйесін қалыптастыруды қатар жүзеге асыруымыз керек. Сондықтан бүгін қол қойылған меморандум мен келісім жай ғана ресми құжаттар емес. Олар нақты жұмыс бағыттарын қамтиды, – деді министр.
Оның сөзінше, бірлескен зерттеулер суды тазарту және қайта пайдалану, трансшекаралық су ресурстарын басқару, сондай-ақ құрғақшылық жағдайындағы су, энергетика, азық-түлік және экожүйелер арасындағы өзара байланысты зерделеуге бағытталады.
Министрлік студенттерге, магистранттар мен докторанттарға су саласындағы өзекті мәселелер бойынша зерттеу жүргізуге мүмкіндік беріп, қажетті деректер мен материалдарды алуға жәрдемдесуге дайын. Ведомство жыл сайын саладағы басым міндеттерге сәйкес зерттеу тақырыптарын ұсынуды жоспарлап отыр.
Осылайша, ҚазҰУ мен Су ресурстары және ирригация министрлігі арасындағы ынтымақтастық ғылыми зерттеулерді практикалық міндеттермен ұштастыруға, су тасқыны мен құрғақшылық тәуекелдерін болжауды жетілдіруге және су ресурстарын басқарудың заманауи шешімдерін әзірлеуге бағытталған.