Су құбырлары бойынша 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд теңге бөлінді – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2011-2018 жылдары 1035 шақырымды су желісі салынып, 1441 шақырым желі қайта жөнделді. Нәтижесінде саны 553 мың адамды құрайтын 268 ауылды елді мекенді сумен жабдықтау жақсартылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында айтты.
ҚР Үкіметінің бүгінгі отырысында елді мекендерді сумен қамту және су бұру мәселелері қаралды.
Сапархан Омаров отырыс барысында министрлік өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықты ауызсумен қамтамасыз етуге, оның ішінде топтық су құбырларын салу, қайта жөндеуге қатысатындығын жеткізді. Оның айтуынша, топтық су құбырларын пайдалану ведомстволық бағыныштағы кәсіпорын «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген. Ол сондай-ақ, суаратын, су беретін су шаруашылығы нысандарын пайдаланумен айналысады.
«Оның теңгерімінде 12 мың 80 шақырым ұзындықтағы 33 топтық су құбыры бар. Бүгінгі күні 6499 ауылдық елді-мекеннің 546-сы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының топтық су құбырына, қалған елді-мекендер коммуналдық басқа да меншіктегі топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелеріндегі ауызсумен қамтамасыз етілген»,-дейді министр.
Сонымен қатар, ол 2011-2018 жылдары 1035 шақырым желі салынып, 1441 шақырым желі қайта жөнделгенін, соның арқасында 49 нысанды пайдалануға берілгшенін айтты.
«Нәтижесінде саны 553 мың адамды құрайтын 268 ауылды елді мекенді сумен жабдықтау жақсартылды. Жалпы 33 топтық су құбырындағы тозу деңгейі 75%-дан 56% дейін қысқарды. Осы жұмыстардың жалпы шығыны 85 млрд теңгені құрады», - деді ол.
Сонымен қатар, ол пайдалану мерзімінің өтуіне және желілердің тозуына байланысты 12080 шақырымды желінің 2281 шақырымы қайта жөндеуді қажет ететінін айтты.
«Осы жылы топтық су құбырлары бойынша 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185 шақырымды желі салынып, халық саны 128 мың адамды құрайтын 68 елді-мекенді сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады», - деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі сөз арасында қол жеткізген нәтижелермен қатар су бұру саласында пысықтауды қажет ететін бірқатар проблемалар бар екенін жеткізді.
«Біріншіден, бұл коммуналдық кәсіпорындар теңгеріміндегі сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерінің тиісінше күтіп пайдаланылмауы. Аталған проблема олардың жедел тозуына алып келеді. Қазіргі заманғы тәжірибе сумен жабдықтау мен су бұру секторына салынған инвестициялар халыққа көрсетілетін қызмет түрінің тұрақтылығы мен қамтамасыз етуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін қайта жөндеу немесе жаңаларын салу жеткіліксіз. Олардың тиісінше пайдалануын қамтамасыз ету қажет. Олардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылық әлеуетін де ұлғайту керек», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, су мәселесі бойынша 2023 жылы еліміздегі ауызсу мәселесінің шешілетіні жайлы ҚР ИИДМ Роман Скляр да айтқан болатын.