Су министрлігі: Солтүстік Арал теңізінің көлемі 23 млрд текше метрге жетті

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалануға қатысты берген тапсырмаларын орындау барысы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Арал теңізін сақтау мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойған. Бұл келісім он жылдық келіссөздердің нәтижесі болып отыр, - деді министр.

Нұржігітовтің айтуынша, су дипломатиясы және Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимдерінің арқасында Солтүстік Арал теңізіне соңғы жылдары да тұрақты су келіп отыр. Нәтижесінде теңіздің көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі уақытта 23 млрд текше метрге дейін ұлғайды.

Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталуға жақын. Жоба Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін 44 метрге көтеруді көздейді. Осының нәтижесінде теңіздің ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Толтыру мерзімі 4-5 жылды құрайды, - деп айтты Су министрі Үкімет отырысында.

Сонымен қатар министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарында суару жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Өңірде су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 143,1 мың гектар жерге қолданылады, бұл шамамен 500 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Көкарал бөгеті мен Арал бассейнінің су шаруашылығы жобаларын іске асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде. Жыл соңына дейін жобаларға қаржыландыру тарту жоспарланған, - дейді ведомство басшысы.

Нұржан Нұржігітов атап өткендей, Солтүстік Арал теңізін сақтау тек экологиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік және стратегиялық міндет. Үнемделген су ресурстарының бір бөлігі экожүйелерді қолдауға бағытталып, өңірдің тұрақтылығы мен халық денсаулығына үлес қосады.

Еске сала кетейік, Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесімен жүйелі түрде айналасудың маңызын атап өтіп, Арал мәселесі халықаралық деңгейде талқыланатынын айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы