Су мен жарық. Ауылда қандай мәселе шешімін таппай отыр

«AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің сапары жалғасып жатыр. Осы аптада партиялықтар Қарағанды облысындағы ауылдарда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шопа ауылының тұрғындары электрмен жабдықтау сапасы өте нашар екеніне шағымдануда. Шаруа Жексен Әбдірахмановтың айтуынша, бұған өткен ғасырдың 60-жылдарының басында орнатылған ескі трансформатор себебі болып отыр.

Сиыр сауатын аппаратым бос жатыр. Шаруашылықта небары 2 сиыр ғана қалды. Ауылда 20-30 сиыр ұстайтын адамдар бар. Мұнша сиырды қолмен сауып жатқан жандарға қаншалықты қиын екенін ойлай беріңіз. Бір кездері сүт өңдейтін шағын цех ашып, өз ісімді бастағым келді. Алайда желіде кернеу болмаған соң тоңазытқыш та бұзылады. Сүтті сақтайтын орын жоқ, – деді ол.

Бұл мәселе аудандық әкімдікте бұрыннан белгілі. Алайда энергетикалық компания жекеменшік болған соң, олар ештеңе істей алмай отыр.

Аманаттықтар кез келген коммерциялық кәсіпорын жұмысын адал істеуі керек деген сенімде. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында немқұрайлыққа жол беруге болмайды. Енді осы мәселені шешу үшін мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттары жұмылып жатыр.

Егер бұл монополист жабдықты жөндемесе, инвестиция іздемесе, жаңа электр желілерін салмаса, онда оны басқа жеке қолға беру керек. Әр ауылға қуат беретін сапалы трансформаторлық қосалқы станса болуы керек, – деді партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі жетекшісінің орынбасары Азамат Біржанов.

Ал Нұраталды ауылының тұрғындары электр қуатының іркілісінен бөлек, ауыз су тапшылығының зардабын тартып отыр. Елді мекенде су құбыры бар болғанымен, жұмыс істемейді.

Су мүлдем жоқ. Бір кездері бақшада құлпынай, қарбыз өсірдім. Алайда осы күні электр қуаты жиі сөндіріле бергендіктен, не киім жуу, не тамақ пісіру мүмкін емес. Жаңбыр жауған сайын су толтырып алу үшін әр үй аулаға бөшке немесе өзге бір ірі су жинайтын ыдыс қойып қояды. Мал суаратын су жоқ. Барлығын сатып жіберді, – деді жергілікті тұрғын Ботагөз Тойымбетова.

Енді партия мүшелері облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция арқылы сумен жабдықтау жүйесін жөндеуге ақша сұрауды көдеп отыр. Ал жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажет қаражат бөлініп қойды.

Тұрғындар өздерін толғандырған мәселені айтып келе ме деп күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жобасы өзін-өзі ақтап қана қоймай, оған деген сұраныс күннен-күнге артып барады. Биыл 14 наурыздан бастап 9 қыркүйекке дейін 790 шалғай ауылдық елді мекенде болып, 6 мыңнан астам азаматты қабылдадық, – деді Азамат Біржанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы