11 Қараша 2026, 10:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Су есептегішін ауыстыру міндетті ме? Министрлік жаңа талаптарды түсіндірді

Қазақстанда су есептегіштерін орнату және пайдалану қағидалары өзгерді. Дегенмен тұрғындар қолданыстағы жарамды құрылғыларын міндетті түрде ауыстыруға тиіс емес. Жаңа талаптар қандай жағдайда қолданылады және есептегіштің жұмысына кім жауапты?  BAQ.KZ  тілшісі зерттеп көрді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, бұрын орнатылған су есептегіштері мерзімдік салыстырып тексеруден уақтылы өтіп тұрса, оларды әрі қарай пайдалануға болады. Құрылғы толық тозғанда, істен шыққанда немесе салыстырып тексеру нәтижесінде жарамсыз деп танылғанда ғана ауыстырылады.

Яғни қағидалардың өзгеруі барлық тұрғынға бірдей жаңа есептегіш сатып алу міндетін жүктемейді.

Қашықтан дерек беретін құрылғы қашан қажет?

Деректерді қашықтан беретін су есептегіші алғаш рет орнатылғанда, сондай-ақ жарамсыз болған немесе толық тозған құрылғыны ауыстыру кезінде қойылады. Бұдан бөлек, мұндай аспаптар Су кодексінің 107-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда орнатылады.

Ал қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген, деректерді өзге хаттамалар мен технологиялар арқылы жіберетін есептегіштер мен дерек беру құрылғыларын толық тозғанға немесе істен шыққанға дейін қолдануға болады.

Өзгерістерде деректерді қашықтан берудің нақты бір технологиясы міндеттелмеген. Сонымен бірге су есептегішін жапқыш клапанмен міндетті түрде жабдықтау талабы алынып тасталды. Министрліктің мәліметінше, бұл тұтынушыларға есептегіштерді, соның ішінде отандық өндіріс өнімдерін таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Есептегіштің жұмысына кім жауап береді?

Жаңартылған қағидаларда құрылғыны пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, салыстырып тексеруді ұйымдастыру және деректерді қашықтан беруді қамтамасыз ету міндеттері нақтыланған.

Егер есептегіш қызмет жеткізушінің теңгерімінде болса, аталған жұмыстарға жеткізуші жауап береді. Ал құрылғы тұтынушының меншігінде болса, бұл міндеттер тұтынушыға жүктеледі.

Құрылысы аяқталмаған нысандарда объект пайдалануға берілгенге дейін тапсырыс беруші немесе құрылыс салушы жауапты болады. Жеткізушінің теңгеріміне кірмейтін ортақ үйлік есептегіштерге қатысты міндеттер кондоминиум объектісін басқару органына жүктелген.

Тұтынушылар, үйді басқару органдары және құрылыс салушылар пломбалар мен жабдықтың сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ көрсеткіштерді алу, метрологиялық және сервистік жұмыстарды жүргізу үшін жеткізуші өкілдеріне есептегішке қол жеткізуге мүмкіндік беруге тиіс.

Батареяны ауыстыру үшін қайта тексерту керек пе?

Қағидаларда есептегіштің қорек элементін ауыстыру тәртібі де қарастырылған. Кепілдік мерзімі ішінде істен шыққан батареяны өндіруші, жеткізуші немесе ол уәкілеттік берген ұйым ауыстырады.

Егер қорек элементі бөлек бөлікте орналасса және оны ауыстыру өлшеу тетігіне, салыстырып тексеру таңбасына әрі пломбаларға әсер етпесе, кезектен тыс салыстырып тексеру жүргізу талап етілмейді.

Аталған талаптар елді мекендердің орталықтандырылған желілеріне қосылмаған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қолданылмайды. Табиғи су объектілерінен алынатын суды бастапқы есепке алу да осы қағидалардың аясына кірмейді.

Өзгерістер Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 23 қазандағы №538 бұйрығымен бекітіліп, 9 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.