Су басу қаупі: Қазынадан 390 миллион теңге бөлінді
Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының 100-ге тарта елді-мекенін су басуы мүмкін. Қазір өңірде табиғи апатқа қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 390 миллион теңге қаражт бөлінді.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 5 қала, 13 аудан мен 190 ауылдық округ бар. Қазір су басу қаупі бар елді-мекендердің барлығы ерекше назарда.
«Қауіпті аймақтарда тұрған барлық ауылдарда мониторинг жүргізілді, тіркеу жасалды. Өкінішке қарай, 18 ауылда су тасқынынан қорғау шараларын жүргізу мүмкін емес. Сесебі аталған елді-мекендер өзен жағалауында тұр. Бұл - табиғи апат болса, біздің қауқарсыз екенімізді білдіреді. Тек су деңгейі көтерілгенде ғана қажетті шараларды жүзеге асырамыз. Алдын-алу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдай жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камалов.
Төтенше жағдай қызметінің мамандары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргзіп жатыр. Биыл солтүстікте қалың түскен қар да жағдайды ушықтырып тұр. Мамандардың айтуынша жауын-шашын әдеттегі мөлшерден жоғары.
Төтенше жағдай қызметінің мамандары су тасқынына сақадай сай екендіктерін айтады. Республикалық бюджеттен қорғаныс шараларына 390 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа Шоқан Уәлиханов ауданындағы бөгет күрделі жөнделген. Су шайып кетпеуі үшін республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдар да нығайтылды. Жергілікті бюждет есебінен де бірқатар жұмыс атқарылған.
«Солтүстік Қазақстанда 2005 жылдан бері 85 ауылда тасқын судан қорғану бекеттерін нығайттық. 22 бекет былтыр жасалды. Бүгінгі күні су тасқынына төтеп беру жоспары бекітілді. Табиғи апат бола қалса, сол құжатқа сай әрекет етеміз», - дейді Рамиль Камалов.
Облыстық Төненше жағдайлар жөніндегі департамент қарамағында 50 шақты техника, он жүзу құралы мен 225 маман бар. Қазір құтқарушылар тасқынға қарсы шаралар ретімен жүріп жатқанын айтып сендірді.
Эльмира Кәленова
Фото авто (жеке архивімнен)