Су басқан өңірлердегі жағдай Мәжіліс депутаттарының бақылауында

Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай күш біріктіру арқылы су тасқынымен келген ауыр сынды еңсере алатынымызды айтады.

Су апатынан қорғану, залалын жою мақсатында азаматтарымыз арпалысып жатыр. Жатып алып сын айту оңай, дәл қазір біз үшін мейірімділік пен мақсат бірлігі қымбат. Биылғы су тасқыны Алаш жұртына оңай тиіп жатқан жоқ. Тасқынға қарсы тұру, зардабын жою мақсатында нақты шешімдер қабылданды. Ендігі жерде Күштік құрылымның сарбаздары өздерінің кәсіби шеберлігін көрсету маңызды. Қазіргі қиын сәтте жатып алып, өзгені сынау емес, маңайымызға, басқа адамдарға мейірім, жанашырлық көрсету маңызды. Сондықтан да құрметті отандастар, бауырлар дәл қазіргі су апатына тап болған қиын кезеңде бір-бірімізге көмектесейік. Бірге болайық. Осынау қиын сағаттарда өздерінің нағыз азаматтығын көрсеткен су басқан өңірлердегі ауыл азаматтарына ерекше ризашылығымды білдіремін. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей барлығы сап түзеп, осы қауіпке қарсы тұра білді. Жергілікті билік өкілдері осы қиыншылыққа тап болған әрбір отбасының тағдырына ерекше мән беріп қараңыздар. Үкімет, министрліктер осы қиын сәтте өзара бірлесіп, үйлестірілген жұмыстың нәтижесін көрсетуі тиіс деп ойлаймын, - дейді Аманжол Әлтай.

«Үлкен суды » қабылдауға дайындық жалғасып жатыр.

Бүгін біз төтенше жағдай жөніндегі штаб мүшелерімен және су мамандарымен бірге Жайық өзенінің жайылмасының үстімен ұштық. Мақсат – Атырау қаласына дейін суды тартып, қаладан кейін суды өткізу жолдарын анықтау. Атырау қаласы, Махамбет (Махамбет, Сарайшық ауылдары) және Индер (Құрылыс, Жарсуат ауылдары) аумақтарында «үлкен суды» қабылдауға дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды қарадық. Қажетті шараларды қабылдау үшін «жіңішке орындар» деп аталатындарды анықтау маңызды болды. Жағаны күшейту жұмыстарына атсалысып жатырған тұрғындармен де кездестік. Жарықтандыру, құрал-жабдықтар бойынша көмек сұрайды, оларға бульдозер, экскаватор қажет. Қосымша көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қатысатын болады, - деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Ол қазіргі жағдайды бәрі де түсінетінін. Бәрі де ұйымшылдықпен, бірлікпен жұмыс істеп жатқанын айтады.

Ежелгі Сарайшық қалашығын су басу қаупі төніп тұр. Болжам бойынша, Атырауға 20 сәуірде үлкен су келеді деп күтілуде. Оперативтік жағдайға келсек, бүгін Ембі-Ақкиізтоғай өзендерінің гидропостында, су деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады, деңгейі 295 см. 4 сағатта ішінде 3 см түсті. Жайық өзенінің гидропосттарында су деңгейі көтерілуде. Бұдан әрі өсім күтілуде. Ириклинск су қоймасында ағындар 1500 м3/с құрайды. Қиғаш өзенінің өлшеу бекеттерінде жағдай тұрақты, су деңгейінің төмендеуі байқалады. Жалпы, жұмысты жеделдету қажет, - деді ол.

Мәжіліс депутаттарының су тасқынына байланысты өңірлерге сапары жалғасуда. Олар апаттың алдын алу, зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету және басқа да мәселелер бойынша жұмыс істеп жатыр. Мәжіліс депутаттары Әділ Жұбанов пен Еділ Жаңбыршин Атырау облысы тұрғындарымен және бөгет тұрғызып жатқан жұмысшылармен кездесті.

Атырау белсенділері өздері ұйымдасып, күні-түні жұмыс жасауда. Соколок каналымен Атырау қаласы арасынан тағы бір бөгет тұрғызып жатыр. 20 км жаңа бөгет салу керек. Елді топан судан қорғаймыз деп інілеріміз жанды ортаға салып жүр. Бастап жүрген азаматтар облыстық мәслихат депутаты, Аманат фракциясының жетекшісі Семғалиев Әлібек, кәсіпкер ініміз Қуанышев Әсемғали, Жеток Жаппас, Бисалиев Тыныс, Өтесбаев Айболат және Атыраудың басқа да жігіттері. Азаматтар өз ұсыныстарын айтып жатыр. Ең бастысы бізге ел келіп кедергі жасамасын, біз солар үшін жұмыс жасап жатырмыз дейді. Әділде жігіттерді қайрап жатыр “Жігіттер сапа керек, қарайған жұмыс жасап, ертең нәтижесі нөл болмасын” деп. Арасында әзіл әңгіме айтып інілерін күлдіріп қояды. Қазақтың жігіттері ел басына күн туғанда бас біріктіріп, қимылдауда! Жарайсыңдар бауырлар, - деді Еділ Жаңбыршин.

Апат басталғалы ауылдастарымен бірге жүрген Әділ Жұбановтың айтуынша, бүгінде Атырау облысының Жылыой, Қызылқоға аудандары суға кеткен. Қазіргі таңда жергілікті билік, жеке кәсіпорындар мен қарулы күштердің ресурстары жұмылдырылып, облыстық, аудандық штабтар жұмыс істеп жатыр.

Ондаған жыл бойы келмеген су ғой. Сондықтан жерлер жеке қожалықтарға өтіп, табиғи арналары жабылып қалған. Одан бөлек теңізден тасымалданатын мұнай трубалары тартылған. Солардың бәрі судың табиғи жолмен кетуіне кедергі болып отыр. Ендігі мақсатымыз – Ресейден келетін алапат судан Атырау қаласын аман алып қалу. Жайықтың бойындағы Индер, Махамбет аудандарында бөгеттер салу, бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді Ә. Жұбанов.

Сапар барысында депутаттар Атырау белсенділері тұрғызып жатқан Соколок каналымен, қала ішіндегі ұзындығы 20 шақырым болатын бөгеттің жұмысымен танысты. Махамбет ауданы әкімінің айтуынша, ауданның 21 елдімекенінің 17-сі Жайық өзені жағалауында орналасқан. 85 шақырым ескі бөгеттің орны бар, енді тағы қосымша 15 шақырым бөгет салынып жатыр. Жалпы алғанда бөгеттің ұзындығы 100 шақырымды құрайды.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин топан судан қорғанудың түрлі әдісін ұсынды. Оның айтуынша, ауылға су кірмес үшін бөгеттермен қоршап, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен жанар-жағар майдың қорын жасап алу керек.

Өңірлерге сапар аясында Айна Мысырәлімова мен Дәулет Мұқаев Ақмола облысының бірнеше ауданын аралады. Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің тасуына байланысты қазір ауылдағы жағдай күрделі. Әр екі сағат сайын судың деңгейі өлшеніп отыр. 35 мың құм салынған қаптан бөгет тұрғызылып, 50 арнайы техника жұмылдырылған.

Депутаттар одан әрі Целиноград ауданы Талапкер ауылына барып, ондағы жағдаймен танысты. Бірнеше күн бұрын аулаларды су басқанымен, қазіргі жағдай тұрақты. Ауыл іргесін бекіту жұмыстары қолға алынған.

Қазақстан бойынша су әлі де сейілер емес. Әр елді мекеннің суға кетпегені маңызды. Әріптесім, көршім Айна Ермекқызымен Ақмола облысындағы бірнеше елдімекенде жүрміз. Бұл Жібек жолы ауылы. Жағдай жергілікті атқарушы органның бақылауында. Әр 2 сағат сайын судың деңгейі өлшенуде. 35000-нан астам құм салынған қаппен бөгеттелген. 50-ге жуық техника сақадай сай тұр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. PS: Әріптестердің басым бөлігі өз (сайланған) аймақтарында жүр. Астанадан сайланған депутат ретінде бас қаламызға қатысты айтар болсам, қаланы қар суы басу қауіпі жоқ. Шүкір. Бірақ жаңбыр суы деген тағы бар. Ол сумен Астана әкімдігі белсенді түрде күресуде, - деді Дәулет Мұқаев.

Бүгінде жағдай жергілікті әкімдіктің және мәслихат депутаттарының ерекше бақылауында.

Міне елде жүрміз, мен Ераға інім Ерлан Саиров екеуміз бес ауданды аралап өттік, жағдай тревожный, ол табиғат, қарсы тұру мүмкін емес, бірақ елдегі азаматтар, бауырлар керемет тасқынға қарсы тұрып, елін, жерін топан суға бермей, бір қолдан жең шығарып, төтеп тұр. Облыстық маңызы бар Ақсуат-Бәкей-Қарасу-Ақжар тас жолының бөлігі кесіліп, тасқын суды жолдың келесі бетіне кедергісіз өткізу шаралары жасалған. Сонымен қатар республикалық маңызы бар Қалбатау - Майқапшағай жолының Қалбатаудан Боғасқа дейінгі бөлігі бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысымен таныстық, - деп жазды Ұлықбек Тұмашинов.

Оған Қытайдың «Синь-синь» компаниясы жауапты. Кездесуде жөндеу жұмыстарын жылдамдату керектігін айттық.

Биыл маусым, шілде айларында дәл осы мәселе бойынша өңірге тағы да келіп, жұмыс барысын тексереміз. Жоспарлы жұмыс уақтылы аяқталады деп сенемін. Қазіргі уақытта облыстағы жағдай тұрақталғанша Шығыс Қазақстанда боламын, - деді ол.

БҚО-да су тасқыннан зардап шеккендерге миллиардтап қаражат бөлінеді. Сол ақша діттеген жеріне жетеме?
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жауап берді.

Бұл жерде әрбір ауылды алып қараймыз ба, саяжай ма. Қандай қауымдастық бар ауыл, аудан орталығы барлығы сол жердегі азаматтар өздері белсенділік танытып сол комиссия құрамына кіру керек. Оған жергілікті басшылар кедергі жасамау керек. Себебі бұл жағдай алдағы уақытта да қайталанбасына кім кепіл. Үлкен қаражат бөлініп жатыр, бұл тендерсіз бөлінеді. Төтенше жағдайдың ережесіне сәйкес, тікелей келісім-шарт арқылы жасалады. Мұндай жағдайда қаражат қолды болатыны жоққа шығарылмайды. Нақты болады, болмайды деп алдын ала кесіп айту мүмкін емес. Осындай жағдай болмауы үшін, екі жақта осыған мүдделі болуы керек. Азаматтарға мұндайда қандай мәселені басшылыққа алуға болады. Жергілікті азаматтар өзін-өзі басқару заңын басшылыққа алады да өздері сол комиссияның құрамына кіреді. Ол үшін азаматтар өздерінің арасынан белсенділерді шығаруы керек. Әкімгіліктің емес, тұрғындардың бастамасымен болуы керек, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы