Су басқан өңірлерде 8 мыңнан астам бас малдың өлгені расталды – АШМ

Залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялардың жұмысы шеңберінде бүгінгі күні су тасқыны салдарынан 8,2 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлгені расталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, жалпы мал шығының 70% -ға жуығы - ұсақ мал.

Министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі таңда барлық мал басының 97% жойылды. Өлген жануарларды утилизациялау жұмыстары ветеринариялық қызметтердің ерекше бақылауында екенін, ал шығу тегі күмәнді етті сату туралы таратылып жатқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз, - делінген ведомствоның хабарламасында. 

Сонымен қатар, су басқан аймақтарда тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті су басқан аумақтардағы мал қорымдарына қосымша профилактикалық дезинфекциялық өңдеу іс-шаралары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, ауыл шаруашылығы малдары бойынша өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын олардың түрлері мен жас топтары бойынша нарықтық құны туралы деректер негізінде анықталады.

Бүгінде мына өңірлерде өлген жануарлардың иелеріне өтемақы төлеу жүргізілуде. 

  • Қостанай облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 780 бас малына 113,2 млн. теңге.
  • Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 753 бас малына 98,3 млн. теңге сомасында өтемақы төленді,.
  • Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді.
  • Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 млн. теңге бөлінді, өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізілуде, төлем апта соңында басталады.
  • Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылдануда.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Өзгелердің жаңалығы