Студенттің өмірі үшін жүздеген алматылық қан тапсыруға келді

Алматы, BAQ.KZ. Күннің ыстығына қарамастан жүздеген алматылық өлім алдында жатқан студент үшін қан тапсырды. Бұл туралы inAlmaty.kz хабарлады.

Медициналық оқу орнында білім алатын Асылбек есімді жігітті мас жүргізуші қағып кеткен. Студент өте ауыр жағдайда №4 қалалық ауруханада жатыр.

Қан көп жоғалтқандықтан оған қан қажет болған. Сол кезде оқу орны қан тапсыратын адам іздеген. Жас жігіттің өмірін сақтап қалуға дәрігер студенттер ғана емес, басқа да оқу орындардың студенттері мен қала тұрғындары көптеп келген. 

«Біздің студентіміз үшін қан тапсыруға келген барлық мейрімді жандарға алғыс білдіреміз. Бүгін қан тапсыру орталығына алматылық студенттер көп келді. Адамгершілік танытып жатқандарыңыз үшін көп рақмет! Асылбек тезірек сауығып ортамызға қосылса екен дейміз», - дейді ҚазҰМУ-нің баспасөз қызметі.

20 жастағы Асылбек Жұмабаев аталған университеттің екінші курсында оқиды. Ол курьер болып жұмыс істеп жүргенде жол-көлік оқиғасына түсіп, қатты соққыдан ауруханаға түскен.

ЖОО-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, студенттің жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, қан тапсыру жұмыстары арқылы дәрігерлер оның гемоглобинін көтере білген. 

Қазір №4 қалалық аурухананың дәрігерлері оның өмірі үшін күресіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы