Студенттерге жатақхана салу жобасы аясында қанша нысан салынғаны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин ӨКҚ алаңында өткен брифингте  2018 жылдан бері елімізде студенттер үшін қанша жатақхана салынғанын айтып берді.  

Оның айтуынша, 2018 жылы мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 70 мыңға жуық студентті жатақханамен қамтамасыз ету қолға алынып,  студенттерге жатақхана салу тетігі әзірленген. Соған сай еліміздегі кез келген кәсіпкер, заңды тұлға жатақхана салатын болса мемлекеттен әрбір салынған орынға қаржы ала алады.  

Ол екі бағытта жүргізіледі екен, бірі кәсіпкер жаңадан жатақхана салғанда, екіншісі бар ғимаратты жатақхана етіп қайта құрылымдағанда. Жаңадан салынатын орынға Алматы қаласы үшін 144 АЕК, яғни 441 мың теңге беріледі. Ал, қайта құрылымдауға 92 АЕК немесе 282 мың теңге төленеді. 

Шарт бойынша кәсіпкерлер екі жылда ғимаратты салып бітуі қажет. Оған қоса салынған ғимарат жоқ дегенде 20 жыл жатақхана мақсатында қолданылуы керек, кейін кәсіпкердің жекеменшігіне өтеді.

Елімізде 63 мыңнан аса студентке жатақхана қажет. 2018 жылы студенттерге жатақхана салу жөніндегі жобаны қолға алған кезде 82 мыңға жуық студентке жатақхана қажет болған. Одан бері 30 63 орынды 124 жатақхана қолданысқа берілді. Былтыр ЖОО-ға түсетін студенттер санының жоғары болуына байланысты 63 мыңға жуық студентке жатақхана қажет болып тұр. Сондай-ақ алдын ала жасалған шарттар, жергілікті бюджет қаражатынан нысаналы құрылыс, меншікті қаражат және демеушілік қаражат есебінен 2022 жылы 11 057 орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда, – деді Сатыбалдин.

Департамент директоры жатақхана салу жөніндегі жоба кәсіпкерлерге де мемлекетке де тиімді болып отырғанын жеткізді. 

Біріншіден, әлеуметтік мәселе шешіледі. Жалпы әр студент үшін 6 шаршыметр тұрғын орыны болу керек. Қазір салынып жатқан жатақханалар бұрынғыдай төрт қабырға емес, батыстағыдай соңғы үлгіде салынған компустар. Дәл осындай Алматыда 8, өзге өңірлерде 120 жатақхана салынған.  Екіншіден, елдегі орта және шағын бизнестің дамуы қарқын алады. Үшіншіден, жаңадан жұмыс орыны ашылады. Төртіншіден, мемлекеттік бюджеттің ауыртпашылығы 10 есе жеңілдейді. Өйткені төленетін төлем 8 жылға дейін созылады, – деді ол.

Жатақхана салғысы келетін кәсіпкер үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 9% мөлшерінде жатақханаларды да, жекеменшік мектептерді де салу және реконструкциялау бойынша банктік қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істейді екен. Капиталыңыз немесе қарыз қаражатын тартуға мүмкіндіктеріңіз, сондай-ақ жер учаскеңіз болу қажет.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы