Студенттерге қыркүйектің стипендиясын кешіктіріп төлейтін болды
Елімізде бірінші курс студенттеріне стипендия қазан айында төленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қаржы орталығы» АҚ 2024-2025 оқу жылының бірінші семестрінің І курсында білім алушыларға биылдың қыркүйек айының мемлекеттік стипендиясын төлеу 2008 жылғы 7 ақпандағы №116 ҚР Үкіметі қаулысымен бекітілген Қағидаларға сәйкес 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ЖЖОКБҰ есептерін тексергеннен кейін қазан айының ішінде жүзеге асырылатынын хабарлайды, - делінген орталықтың хабарламасында.
Сондай-ақ жаңадан түскен Медициналық жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттеріне қыркүйек айының стипендиясы қазан айында екі айға (қыркүйек-қазан) қосылып төленетінін хабарлаймыз. Төлемдер қазан айының аяғында жүргізіледі.
Ауыспалы курс студенттерінің контингентіне (барлық басқа студентке) қыркүйек айының мемлекеттік стипендиясын төлеу ЖЖОКБҰ ұсынған есептерге сәйкес жүзеге асырылады, яғни стипендия қыркүйек айының соңына дейін түседі.
«Қаржы орталығы» АҚ 2008 жылғы 7 ақпандағы №116 «Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес стипендиялар төлеу жүргізілетінін хабарлайды.
Еске сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы көбейді.
Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңге болады, орта буын мамандары үшін 41 896 теңге.
Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20%-ға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғайды.
Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада – 123 122 теңге көлемінде төленеді.
Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15%-ға ұлғайтылды, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңгені және 240 000 теңге.
Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне тағы 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға көбейеді.