Студенттерге әскери кафедраға өтініш беру жеңілдейді

Студенттер әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн тапсыра алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері әскери кафедраға оқуға түсуге өтінішті eGov.kz порталы арқылы толық онлайн форматта бере алады. Құжат тапсырудың жаңа тәртібі офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламаларына конкурсқа қатысу процесін жеңілдетіп, еліміздің барлық өңіріндегі студенттер үшін оны ашық әрі қолжетімді етеді.

Әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі біліммен қатар қосымша кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік береді. Оқу курсын аяқтағаннан кейін түлектерге «запастағы лейтенант» немесе «запастағы кіші сержант» әскери атағы беріледі.

eGov.kz порталы арқылы өтінішті күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері тапсыра алады. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бұрын студенттер құжаттарды тікелей жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр болатын. Біз азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету және офлайн жүгінуді азайту үшін сұранысқа ие қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіруді жалғастырып келеміз. Әскери кафедраларға онлайн өтініш қабылдау – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам, – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Өтініш берудің жаңа форматы тек ыңғайлылықты арттырып қана қоймай, тексеру процестерін де автоматтандыруға мүмкіндік береді. Өтінім жіберілер алдында жүйе үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлері бойынша, сондай-ақ мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғына қатысты мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады. Байланыс телефоны Мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген болса, автоматты түрде толтырылады, ал болмаған жағдайда қолмен енгізіледі.

Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Басты бет» – «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөлімдеріне өту;
  • «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу;
  • қажетті деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдау;
  • дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
  • сұранысты қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау қажет.

Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат ұсынылады. Бас тартылған жағдайда себептері көрсетілген дәлелді хабарлама жіберіледі.

Айта кетейік, өтінішті қарау мерзімі оны тапсырған сәттен бастап бес жұмыс күніне дейінгі уақытты құрайды.

Еске салайық, бұған дейін ЖОО түлектері келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылуы мүмкін екені хабарланған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы