БҒМ: Студенттердің стипендиясын 25 пайызға көтеруге барлық мүмкіндік бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, студенттердің шәкіртақысы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға көтерілетінін айтты.
Орта буын мамандарының шәкіртақысы 16 759 теңгеден 20 948 теңгеге, ал өте жақсы оқитын студенттердің шәкіртақысы 19 272 теңгеден 24 090 теңгеге көтеріледі. Яғни барлық студенттерге шәкіртақы бірдей 25 пайызға көтерілді. Бұл мақсатты орындауға бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған. Мемлекет басшысының шешімін жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар, - деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы 20 949-дан 26 186 теңгеге, магистранттардікі 53 530-дан 66 913 теңгеге және докторантура шәкіртақысы - 81 998-ден 102 498 теңгеге көтерілмек.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жастар жылының қорытынды жиналысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі студенттердің стипендиясын 25 пайызға көтеруді тапсырған болатын.