Алматыда студенттерден ақша алған алаяқ әйел ұсталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы колледждердің бірінде шаруашылық бөлімінің басшысы болып істейтін әйел студенттерді алдап, ақша алған. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, Г. есімді 55 жастағы әйел оқу ақшасын уақытылы төлемей, оқудан шеттетілген студенттердің мәселесін оңынан шешіп берем деген желеумен алдап ақша алған. Сондай-ақ, ақылы бөлімде оқитындарды грантқа ауыстыратынын айтқан.

Шын мәнісінде "жанашыр" әйелдің ондай мүмкіндігі болмаған және ол міндетті орындағысы да келмеген. Әрине, ол бұл қызмет үшін 300 мыңнан 500 мың теңге аралығында ақы сұраған. Қиын жағдайға қалған студенттер ол сұраған ақшаны тауып берген. Сотқа дейін жеткен бұл жағдай студенттер үшін сабақ болды. Мәселені мұндай жолмен шешу заңсыз әрі шығыны көп, - дейді Медеу аудандық Полиция басқармасының басшысы Болат Тобыбаев.

Күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамалған және ҚР ҚК 190-бабына сәйкес алаяқтық бойынша іс қозғалған. Тәртіп сақшылары күдіктінің басқа да істерге қатысы болуы мүмкін деген пікірде. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы