Студент қазақи тәттілерді заманауи форматта ұсынып жүр
Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің үшінші курс студенті Динара Жұмабаева қазақтың ұлттық ингредиенттерін заманауи десертпен үйлестіріп, ерекше өнім ұсынып жүр. Құрт, шұбат және ірімшік қосылған печеньелер – жас технологтың қазақ асханасын насихаттауға бағытталған алғашқы қадамы. BAQ.KZ тілшісі ерекше кәсібін бастаған Динара Жұмабаева тілдесті.
– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Мен Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің 3-курс студентімін. “Аспаз-технолог” мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бүгін сіздерге өз өнімімді таныстырғым келеді.
– Қандай өнім ұсынасыз?
– Мен қазақи ингредиенттерді қолдана отырып дайындалатын печенье жасап жүрмін. Мысалы құрт пен сүт, шоколад қосылған печенье бар. Сондай-ақ ірімшік)салындысы бар, үсті карамельмен безендірілген печенье, жент және карамельмен әшекейленген түрлері бар.
– Печеньенің сыртқы келбетін өзгертуге бола ма?
– Иә, әрине. Тапсырыс берушінің қалауына қарай печеньенің сыртқы түрін өзгертіп, әртүрлі декорациялар қосуға болады. Құртты тек ішіне ғана емес, үстіне де қосып, жаңғақтармен безендіруге болады.
– Болашақта өнім түрлерін көбейту жоспарда бар ма?
– Иә, болашақта конфет те жасағымыз келеді. Қазіргі таңда бұл тек прототип. Болашақта шұбат қосылған шағын конфеттер және құрт, конфеттер жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, осы бағытты әрі қарай дамытқымыз келеді.
– Қазір клиенттеріңіз бар ма? Өнімді қайдан алуға болады?
– Қазіргі таңда негізгі сатылым колледж базасында жүзеге асады. Яғни, колледж асханаларында және колледж ішіндегі тапсырыстар арқылы сатылады. Егер қосымша тапсырыс түссе, әрине, дайындап береміз.
– Бұл жобамен қанша адам айналысады?
– Негізгі штатта бір технолог және екі кондитер бар. Бірақ бұл колледж базасында болғандықтан, практикадан өтіп жүрген студенттерді де тартамыз. Бұл олар үшін де өте жақсы әрі қызықты тәжірибе. Сонымен қатар колледжде кондитер мамандығы бойынша оқыту бөлісі бар, сондықтан шеберлер студенттерге әртүрлі формадағы печенье мен конфет жасауды үйрете алады.
– Мұндай идея қалай пайда болды?
– Қазіргі кезде қазақ асханасын, ұлттық тағамдарды насихаттау белсенді жүріп жатыр. Соған байланысты мен танымал батыстық десерттерді қазақи өнімдермен үйлестіруді қаладым. Мысалы, бір кездері Америкада өте танымал болған crumble cookie печеньелері бар, соларды қазақи ингредиенттермен біріктіру идеясы келді. Негізгі мақсатым – қазақ асханасын заманауи форматта танымал ету.
– Бұл идея қашан пайда болды?
– Бұл идея маған екінші курста келген. Қазір үшінші курсты аяқтап жатырмын.
– Оқу мерзімі қанша жыл?
– Бізде оқу мерзімі – үш жыл. Қазір мен соңғы курстамын.
– Колледжді бітірген соң немен айналысуды жоспарлап отырсыз?
– Болашақта бұл істі жеке, тәуелсіз кәсіп ретінде дамытқым келеді. Алғашқы кезекте әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, өнімді танытуды жоспарлап отырмын. Қазірдің өзінде колледждің инновациялық жобалары аясында түрлі жәрмеңкелер мен іс-шараларға қатысып жүрміз. Колледжді аяқтаған соң, бұл бизнесті жеке кәсіп ретінде жалғастырғым келеді.
– Қазіргі таңда адамдар ұлттық дәмдерге қаншалықты қызығушылық танытады?
– Иә, менің ойымша, сұраныс бар. Мен ата-аналар арасында сауалнама жүргіздім, және қазіргі таңда ұсынылып отырған дәмдердің барлығы – ең танымал, ең сұранысқа ие дәмдер. Болашақта басқа да дәмдер қосуым мүмкін: маусымдық немесе мерекелік өнімдер. Қазір әлеуметтік желілерде, жаңалықтарда қазақ мәдениетін, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту үрдісі байқалады, бұл да үлкен қолдау деп ойлаймын.
– Өнімге қажетті ингредиенттерді қайдан аласыздар?
– Барлық өнім колледждің ресми жеткізушілері арқылы алынады.
– Қандай десерт түрлері бар?
– Қазіргі таңда негізінен төрт дәм бар: құрт пен шоколад, ірімшік (карамельмен қапталған), жент мен карамель қосылған түрі және сыртқы әшекейсіз классикалық печенье. Конфеттер құрт және шұбат қосылып дайындалады.
– Өнімнің сақтау мерзімі қандай?
– Бірнеше тәулікке дейін сақталады. Шоколадты өнімдерді тоңазытқышта сақтау қажет, себебі олар еріп кетпеуі керек.
– Бағалары қандай?
– Бір печеньенің бағасы – 500 теңге. Қораптағы нұсқаларына қарай: 2500 теңге, 2000 теңге және 2750 теңге. Бағалар қолжетімді, себебі біз енді ғана бастап жатырмыз және әлі кеңінен танымал емеспіз.
– Колледжде студенттерге қандай мүмкіндіктер беріледі?
– Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Біздің колледжде студенттерге ерекше көңіл бөлінеді. Түрлі іс-шаралар өткізіледі, онда студенттер өз таланттарын, дағдыларын және идеяларын көрсете алады. Колледжіміз өз ісінің шебер мамандарын дайындауымен танымал.
– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге рақмет!