31 Тамыз 2026, 14:57 Фото: cleveland.edu

Студент күйзеліске түссе, кім көмектеседі: ЖОО мен колледждерде психологиялық қолдау қалай көрсетіледі?

Жаңа ортаға бейімделу, оқу жүктемесі, емтихан, қаржылық қиындық пен жеке өмірдегі мәселелер студенттің психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Мұндай кезде жастар кімнен көмек алады? BAQ.KZ тілшісі еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерде психологиялық қолдау қалай ұйымдастырылғанын зерттеп көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Республикалық тамыз конференциясында балалар мен жастардың психологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы білім беру ұйымдары әр бала өзін қауіпсіз сезінетін орын болуға тиіс екенін айтты.

Мектеп бала өзін толық қауіпсіз сезінетін орын болуға тиіс. Буллингке, қатыгездікке және агрессияға жол беруге болмайды. Балалар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке қарсы арнайы бағдарлама жүзеге асырылатынын да мәлімдеді. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың интернет пен әлеуметтік желіде көп уақыт өткізетініне, соның салдарынан жалған идеялар мен деструктивті мінез-құлықтың ықпалына түсуі мүмкін екеніне тоқталды.

Президенттің бұл мәлімдемесі білім беру ұйымдарындағы психологиялық көмектің қаншалықты қолжетімді және тиімді екені туралы мәселенің өзектілігін арттырды.

ЖОО студенті психологқа қалай жүгіне алады?

2026 жылы еліміздің бірқатар жоғары оқу орнында психологиялық қызметтер мен арнайы қолдау орталықтары жұмыс істейді.  Әр университет психологиялық көмекті ішкі құрылымы мен мүмкіндігіне қарай ұйымдастырады. Кейбір ЖОО-да жеке орталық құрылған. Басқа оқу орындарында психологтар студенттермен жұмыс жүргізетін департаменттің немесе тәрбие бөлімі құрамында қызмет етеді.

Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Психологиялық қолдау орталығы студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге тегін әрі құпия көмек көрсетеді. Орталықтың ресми парақшасында бес психолог маман көрсетілген.

Мамандар жеке және топтық консультация өткізіп, психологиялық диагностика жүргізеді. Студенттік үйлер мен академиялық топтарда тренингтер ұйымдастырады. Орталықта қарым-қатынас, өзін-өзі реттеу, эмоционалдық интеллект, кәсіби және тұлғалық даму тақырыптары бойынша ашық сабақтар өткізіледі.

Психологтың кеңесін бетпе-бет, аудио немесе бейнебайланыс арқылы алуға болады. Университетте тәулік бойы хабарласуға арналған жедел желі де қарастырылған.

Nazarbayev University-де Психологиялық кеңес беру қызметі Денсаулық және әл-ауқат департаментінің құрамында жұмыс істейді. Көмек алғысы келген студент алдымен кезекші кеңесшіге хабарласады. Маман оның жағдайын бастапқы бағалаудан өткізіп, қажетті психологқа бағыттайды.

Мұнда жеке және топтық кеңеспен қатар дағдарыс жағдайындағы көмек көрсетіледі. Зорлық-зомбылыққа, қудалауға немесе кибербуллингке тап болған адамдарды сүйемелдеу бағдарламалары да бар. Сонымен бірге стресс пен уақытты басқару, эмоционалдық интеллект және өзін-өзі реттеу бойынша тренингтер өткізіледі.

Студенттер мазасыздық, үрей ұстамасы, көңіл күйдің құбылуы, ұйқының бұзылуы, күйзеліс, сабақ үлгерімінің төмендеуі, отбасылық немесе жеке қарым-қатынастағы қиындықтар бойынша жүгіне алады. Өз-өзіне зиян келтіру немесе суицидтік ой белгілері байқалған жағдайда да көмек көрсетіледі. Университеттің ресми мәліметіне сәйкес, студенттің өтініші құпия сақталады.

Қазақстанда 763 колледж бар

Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы 25 тамызда жариялаған дерегіне сәйкес, Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді. Оларда 556 мың студент білім алып жатыр. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарланған.

Колледждердегі психологиялық-педагогикалық қолдау Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі №92 бұйрығымен бекітілген қағидалар бойынша жүргізіледі. Құжаттың қолданыстағы нұсқасы 2026 жылғы 29 мамырдағы №144-НҚ бұйрығымен жаңартылған.

Жаңартылған қағидаға сәйкес, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерді оқу, мамандық алу және әлеуметтену кезеңінде психологиялық-педагогикалық тұрғыдан сүйемелдеуге тиіс.

Колледждегі қолдау қызметінің құрамына басшының орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік және арнайы педагогтер, педагог-ассистенттер мен кәсіби бағдар берушілер кіреді. Қызметтің нақты құрамы мен жылдық жұмыс жоспарын оқу орнының басшылығы колледждің міндеттері мен қажеттілігіне қарай бекітеді.

Көмек қалай көрсетіледі?

Психологиялық-педагогикалық қолдау студенттің оқуындағы, мінез-құлқындағы және эмоционалдық жағдайындағы қиындықтарды анықтаудан басталады. Мамандар білім алушының жағдайы мен қажеттілігін бағалап, жеке көмек көрсетеді.

Қажет болған жағдайда студентті психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің жеке бағдарламасы әзірленеді. Оған кураторлар, пән оқытушылары, педагог-психологтар және басқа да мамандар қатысуы мүмкін.

Егер студенттің мәселесі колледж мамандарының құзыретінен тыс болса, оны психологиялық қолдау орталығына немесе басқа тиісті мекемеге бағыттау қарастырылған. Яғни колледж психологының міндеті кеңес берумен ғана шектелмейді. Маман қауіп белгілерін анықтап, студенттің әрі қарай қандай көмек алуы керегін айқындауға қатысады.

2026 жылғы 20 мамырда жаңартылған ресми түсіндірмеде білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуге педагог-психологтармен бірге әлеуметтік және арнайы педагогтер, педагог-ассистенттер мен кәсіби бағдар берушілер қатысатыны көрсетілген.

Дағдарысқа тап болған студентке қандай көмек бар?

Кейде студентке психолог кеңесінен бөлек уақытша баспана, әлеуметтік немесе құқықтық көмек те қажет болуы мүмкін.

2026 жылы Алматыдағы ALT University базасында студенттерге арналған Дағдарыс орталығы ашылды. Ол 50 орынға есептелген.

Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға уақытша әрі қауіпсіз баспана, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және құқықтық кеңес ұсынады. Мұнда тұрмыстық жағдайы жасалған бөлмелер, оқу және демалыс аймақтары, медициналық кабинеттер қарастырылған.

Орталық Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттеріне білім алып жатқан университетіне қарамастан көмек көрсете алады. Әр өтініш жеке қаралып, құпиялық пен этикалық талаптардың сақталатыны айтылған.

Бұдан бөлек, еліміздің өңірлерінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Олардың байланыс нөмірлері Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми парақшасында жарияланған. Шұғыл жағдайда «111» бірыңғай байланыс орталығына тәулік бойы хабарласуға болады.

Психологтарға ортақ талап енгізіледі

2026 жылғы 2 шілдеде Мемлекет басшысы «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды. Құжат психологиялық қызмет көрсету саласына ортақ құқықтық және ұйымдастырушылық талап енгізуді көздейді.

Заңның негізгі нормалары 2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Құжатта психологиялық көмекке жүгінудің еріктілігі, құпиялық, кәсіби құзыреттілік және ғылыми негізділік негізгі қағидаттар ретінде белгіленген.

Психологиялық көмек бетпе-бет, қашықтан немесе аралас форматта көрсетілуі мүмкін. Көмек алушыға оның мақсаты мен қолданылатын әдістері алдын ала түсіндірілуге тиіс.

Кәмелетке толмаған студентке психологиялық көмек көрсету үшін, жалпы тәртіп бойынша, оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімі қажет. Алайда суицидтік мінез-құлық белгілері, дағдарыстық жағдай немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәлімет анықталса, мұндай келісім талап етілмейді.

Психологтар заң күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде мемлекеттік тізілімге тіркелуге тиіс. Сондай-ақ олардың біліктілігін кемінде бес жылда бір рет арттыруы қарастырылған. Ал психологтарды сертификаттау талабы 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

Психологиялық көмек қаншалықты қолжетімді?

2026 жылғы ресми деректер еліміздің ЖОО-лары мен колледждерінде психологиялық қолдау жүйесі бар екенін көрсетеді. Студент жеке немесе топтық кеңес алып, онлайн форматта психологпен сөйлесіп, күрделі жағдайда тиісті мамандарға бағыттала алады.

2 қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа заң осы саладағы талаптарды біріздендіруге бағытталған. Ендігі мәселе – оның нормалары әрбір университет пен колледжде іс жүзінде қалай орындалатынында.