Стрит-арт. Суретшілер Абайдың муралын салуды бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ Ұлттық университетінің студенттері, суретші-безендірушілер Райымбек Сәкенов пен Айдос Шекер музей қонақтары алдында Абайдың муралын салуды бастады.

Бүгін ҚР Ұлттық музейі алдындағы ашық алаңда «Стрит-арт» перформансы өтті.

Музей – Қазақстан тарихы мен бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан суретшілердің жұмыстарын мәдени ортада насихаттайтын басты алаң. Бүгінгі күні граффитиді мемлекет пен қоғам арасындағы қалалық қатынас құралы ретінде қолданатын елдер саны артып келеді.


Аталған перформансқа еліміздің бірқатар республикалық және халықаралық байқауының жеңімпаздары, мемлекеттік көрмелердің қатысушылары, суретші-безендірушілері Райымбек Сәкенов пен Айдос Шекер қатысты.


Аталған өнер түріне өз үлесімізді қоса алатынымызға өте қуаныштымын. Бұл - әлемде өте танымал өнердің бірі. Сондай-ақ, жастардың бастамаларына үнемі қолдау көрсететін Қазақ Ұлттық өнер университетіне алғысымды айқым келеді, - деді суретші Райымбек Сәкенов.


Стрит-арт - көше стиліндегі сурет. Сондықтан музейдегі суреттерден айырмашылығы – суретшілер өздерінің ойларын кеңінен жеткізуге және өзінің ішіндегі ойды тоқтаусыз, шектеусіз жеткізуге мүмкіндік беретін стиль. Бұл өнер түрі негізінен батыстан келген. Кезінде суретшілерге шектеу қойып, қиын жағдай түскен кезде өздері көшеге шығып, көзқарастарын жеткізу барысында осы стиль пайда болған. Сол себепті еліміздегі біз сияқты жастарды қолдап отырғандарыңызға рахмет айтамыз, - деді Қазақ Ұлттық университетінің 5-курс студенті Айдос Шекер.

Оның айтуынша, Абай атамыз 175 жыл бұрын дүниеге келсе де өз заманында қазіргі проблемаларды айтып кеткен.


Өнердің өзінің кезеңдері болады. Мысалы, Жаңа даму, Барокко кезеңі сияқты. Осыған ұқсас көше өнерінің өзінің де кезеңі бар. Оның нақты тоқталған стилі болмайды. Жалпы суретші не көрсеткісі келеді, ішкі дүниесін, ойын, толғанысын қолындағы бар түстермен көрерменге жеткізуге тырысады. Бүгінгі көрменің ерекшелігі соны дәріптеу. Таңдаған тақырыбымыз – Абай атамыз. Ол кісі 1845 жылы дүниеге келгенімен, ол қазіргі проблемаларды өз заманында айтып кеткен. Жастар Абай атамызды дәріптеп, айтқан ойларын өздеріне сіңірсе деген оймен Абай атамыздың суреті тақырыбын таңдаған болатынбыз. Онымен қоса, биыл Ұлы ақынның 175 жылдығы. Осы атаулы датаға орайластырып та алдық, - деді суретші Айдос Шекер.


Оның сөзінше, Абайдың айтқан сөздері өткір. Сондықтан суретті салуда көзге анық көрінетіндей түстер таңдалған. 


Айта кетейік, туындының көлемі шамамен 20 метр. Туындыны Ұлттық музейдің 1-қабатындағы қабырғадан тамашалауға болады.


Сонымен қатар стрит-арт өнерінің жаңа мүмкіндіктері көрермендерге тарихи тұлғаларға байланысты қазіргі заман тақырыбын терең ашатын ең маңызды, құнды туындыларды ұсынады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы