Стратегиялық саудамен айналысатын компаниялар не нәрсеге назар аударулары тиіс?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент жанынан Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев Қазақстандағы стратегиялық сауда бақылауы саласының өзекті мәселелеріне арналған отырысында осы салада компаниялар мен мемлекет назарға алуы тиіс мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, стратегиялық сауда бақылауы әскери мақсаттағы тауарлар экспорты мен импортын қадағалауға бағытталған.

Қазіргі күні әр ел мұны заңнамалық деңгейде өзі реттеп отыр. Мемлекеттер арасында бірыңғай стратегиялық бақылау жүйесінің болмауынан саудада түрлі кедергілер пайда болуда, сонымен қатар әскери мақсаттағы тауарлар тізімі үнемі жаңарып отырады. Оған химиялық, биологиялық, радиациялық және ядролық технологиялардан бөлек, ақпараттық технологиялар мен робототехника, жасанды интеллект енуде. Стратегиялық маңызды мәселе ретінде, мұндағы бірыңғай жүйе қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар елдің инновациялық, технологиялық дамуына кедергі келтірмейтіндей болуы керек екендігін атап өтер едім. Сондықтан мемлекеттер арасында осы саладағы ынтымақтастық мәселелерді туындатуға емес, оны шешуге бағытталуы тиіс, - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда және әлемде осыған қатысты заңнамалық базада көп өзгерістер орын алуда.

Технологиялық тұрғыда дамыған елдермен үйлесімділікте болу үшін олардың заңнамалық өзгерістеріне, ақпараттарына да мониторинг жасалып отырылуы тиіс. Жалпы бізде стратегиялық сауда бақылауына қатысты ақпарат алмасу төмен. Сондықтан осы саладағы әріптес елдердің "қара тізіміне" еніп кетпеу үшін бұл мәселеге назар аудару қажет. Оның үстіне елімізде бұл саланы зерттеушілер мен мамандар аз, - деді ол.

Ол сонымен қатар санкцияға ұшырамаудың жолдарына да тоқталды.

Бүгінгі күні санкциялар үш деңгейде жүзеге асырылады. Бірінші - БҰҰ санкциясы, екінші - ұлттық санциялар, ол жеке мемлекеттер арасында қолданылады. Үшінші - жеке және заңды тұлғалар арасындағы санкциялар. Қазір әлемде санкциялардың қай түрі болсын кеңінен қолданылып отыр. Оның біреуіне болсын іліну мемлекет имиджіне нұқсан келтірумен қатар, экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан қазақстандық компаниялар алдында стратегиялық сауда бақлауына қатысты бірқатар міндеттер тұр. Біріншіден, әріптес елдердің заңнамалық өзгерістеріне мониторинг жасау және өз заңдарын осыған орай оңтайландыру, екіншіден, осы салаға қатысты тренингтер ұйымдастыру мен біліктілікті жоғарылату мәселесіне назар аудару қажет, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы