StopMusor: Полиэтилен пакетін тапсырып, сыйлық ал
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада "Stop Musor" әлеуметтік жобасы аясында полиэтилен пакеттерін жинауға бағытталған акция өтіп жатыр. Акция Орталық, Ботаникалық және "Жетісу" саябақтарында ұйымдастырылған.
Шара Халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күніне арналып отыр. Өздеріңіз білетіндей, әлемнің көптеген елінде бұл күні салафан пакеттерді пайдаланудан толығымен бас тарту ұсынылған. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындарын экологиялық мәселелерді шешуге белсенді болуға және өз үлестерін қосуға шақырды.
Ботаникалық саябақта акцияның волонтері Мейрам Ернар Қазақстанның экологиясын жақсартуға үлес қосқысы келетінін айтты.
Таңертеңнен келіп жатқан адамдар баршылық. Салафан пакеттерді тапсырып, сыйлықтарға да ие болған тұрғындар бар. Саябаққа келушілер тарапынан қызығушылық жоғары екенін де байқап тұрмыз. Полиэтилен пакеттерінің экологияға тигізетін әсері көп. Қоқысқа тастаған кезде де оның жойылуы үшін 700 жылға жуық уақыт керек. Сондықтан тұрғындар оны бізге тапсырып, эко-сөмекеге алмастыра алады, - дейді ол.
20 полиэтилен пакет үшін - бас киім (кепка)
30 полиэтилен пакеті үшін - футболка
50 полиэтилен пакеті үшін – экосөмке
Экологиялық акцияның қорытындысы ретінде шілде айының екінші жартысында қазақстандық заманауи суретші Сәуле Сүлейменова жиналған пакеттерден көркем дүние жасап шығарады.
Кескіндеме "Жетісу" саябағындағы Шарын шатқалы жартасының қасына қойылады.
Өз кезегінде Экология ұйымдары қауымдастығының өкілі Асқар Сүлейменов қауымдастық "Stop Musor" әлеуметтік жобасын жүзеге асыру мақсатында тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенін айтты.
2020 жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары тұрғындарының арасында олар өз қалаларындағы қоқыс проблемасы туралы не ойлайтындары және өздері осы проблеманы шешуге дайын екендіктерін білу үшін сауалнама жүргізді. Сауалнамаға екі қаланың 400 азаматы қатысты, - деді ол.
Сауалнама қорытындысы бойынша екі қаланың тұрғындары үшін қоқыс мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті екені анықталған.
Әрбір екінші респондент қоғамдық орындарда ұсақ қоқыс (стақандар, орамалдар, бөтелкелер, темекі қалдықтары және т.б.) жиі кездесетінін атап өтті. Адамдардың қоқысты арнайы жәшікке тастамайтындарына бұрыс қарайды.18 жастан 24 жасқа дейінгі ер адамдар мен жастар қоғамдық орындарда ұсақ тұрмыстық қалдықтарға аса назар аудармайды. Сауалнама барысында респонденттерден өздері қоқысты тиісті емес жерде тастады ма деген сұраққа жауап берді. Жалпы респонденттердің 70%-ы мұны жасамағанын атап өтті, ал 18 жастан 24 жасқа дейінгі ер адамдар мен жастар әлі де кез келген жерге қоқыс тастайтындықтарын мойындады. Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың 51%-ы соңғы алты айда қаладағы ахуал өзгерген жоқ, ал 6% -ы нашарлады деп санайды. Нұр-Сұлтан қаласының әрбір екінші тұрғыны, керісінше, осы мәселе бойынша оң өзгерістерді атап өтеді, - деді Сүлейменова.
Сондай-ақ, ол атап өткендей, "Stop Musor" жобасының сайты мен қосымшасы іске қосылған.
Сайтта пайдаланушылар жоба туралы, экология саласындағы соңғы жаңалықтар туралы, жоспарланған конкурстар мен іс-шаралар туралы толығырақ ақпарат ала алады. Сонымен қатар, мұнда пайдалы сілтемелер бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы қалдықтарды жинау және қайта өңдеу пункттері, құрамында сынап бар шамдарды жинау және кәдеге жарату мекен жайлары көрсетілген. stopmusor.kz сайты арқылы пайдаланушылар өз қаласында эко-шағым бере алады, барлық жиналған ақпарат ecokarta.kz қоғамдық экологиялық мониторинг порталында тіркеледі, - деді ол.
Ол атағандай, сайттан басқа, осы науқан аясында iOS және Android үшін StopMusor қосымшасы да іске қосылған.
Пайдаланушы сайтта бар мүмкіндікке смартфондарға арналған қосымша арқылы қол жеткізе алады. Сонымен қатар, StopMusor қосымшасы арнайы оқиғалар күнтізбесін қалыптастыруға, эко-шағымдарды жеңілдетілген түрде беруге, сондай-ақ, барлық соңғы жаңалықтардан хабардар болуға мүмкіндік тудырады. StopMusor жобасы халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ, Қазақстан азаматтары арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, - деді ол.
Айта кетейік, акция 3 шілдеге дейін жалғасады. "Stop Musor" жобасы халықтың білімі мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ, азаматтарға тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.