Бүгiн 2026, 08:32 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Стоматология саласында тексеру күшейді: 56 клиника лицензиясын қайтарды

Жалпы тексеру тізіміне 622 стоматологиялық клиника енгізілген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағындағы стоматологиялық клиникаларға жоспардан тыс тексерулер жүргізуде. Бұл шаралар мемлекеттік органдардың тапсырмасы аясында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері арқылы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жалпы тексеру тізіміне 622 стоматологиялық клиника енгізілген. Бүгінгі күнге дейін олардың 392-сі тексерілді.

Тексеру нәтижесінде 103 клиникада ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Сонымен қатар, қызметін тоқтатқан 174 стоматологиялық мекеменің 56-сы медициналық қызмет көрсетуге берілген лицензиясын ерікті түрде қайтарған.

Жекелеген жағдайларда жедел шаралар қабылданып, кейбір нысандардың қызметі 30-дан 90 күнге дейін уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлер 30 күнге дейін жұмыстан шеттетілді.

Тексеру барысында медициналық қызмет көрсету стандарттарының сақталуына, лицензиялық талаптардың орындалуына және білікті мамандардың болуына ерекше назар аударылуда.

Министрлік мәліметінше, жүргізіліп жатқан тексерулердің басты мақсаты – пациенттердің құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стоматологиялық қызметтердің сапасын арттыру.