Оқушыларға да стипендия беріледі – Бауыржан Байбек
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға тегін баратын болады. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек халықпен кездесу кезінде айтты.
Жиын барысында әкім қазір ата-аналар балабақшадағы баланың тамағы үшін 18 мың теңге төлейтінін, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидияландырып отырғанын жеткізді.
«Өткен жылы балабақшадағы 51 мың орынға мемлекеттік тапсырыспен 16 млрд теңге бөлінді. Осы жылы бұл көрсеткіш 1,8 миллиардқа көп. Табысы төмен көпбалалы отбасылар үшін бұл қаражат та жүк болып отыр. Осыған орай «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға тегін баратын болады. Бұл 710 бала», - деді ол.
Сондай-ақ, ол жағдайы төмен отбасыдан шыққан 14 254 балаға мектепте ыстық тамақ берілетінін және мектеп формалары мен түрлі көмек алатынын айтты.
«Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында үздік оқыған жағдайы төмен отбасылардың балаларына шәкіртақы төленеді. Мектеп оқушыларына 5 мың теңге көлемінде, ал университет пен колледж студенттеріне 10 мың теңге беріледі», - деді Бауыржан Байбек.
Бауыржан Байбек сөз арасында биылғы жылы жоғары оқу орнына бөлінген гранттардың 40%-ын Алматы қаласы ұтып алғанын айтып өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, грантта оқитындардың барлығы шәкіртақы алады. Ал біз көпбалалы отбасыдан шыққан студенттер жайлы айтып отырмыз. Егер олар ақылы бөлімде үздік оқып жүрсе, шәкіртақы ала алады. Бұл отбасы үшін қосымша табыс көзі», - деді әкім.