Стенд ату: Ұлттық құрама қоржынында 5 медаль бар
Кувейт астанасында стенд атудан Азия Кубогы өтіп жатыр, деп хабарлады BAQ.KZ.
"Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК баспасөз қызметі сары құрлықтың 350-ден астам мергенін жинаған бәсекеде Ұлттық құрама спортшылары 5 жүлдеге (2 алтын, 1 күміс пен 2 қола) қол жеткізіп үлгергенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, скит бағдарламасы қазақстандықтар үшін олжалы болды. Әуелі Ольга Панарина әйелдер арасында ешкімге дес берген жоқ. Осы сайыста тағы бір отандасымыз Әсем Орынбай үздік үштікті түйіндесе, Зоя Кравченко 5-сатыдан көрінді.
Ерлер арасындағы скит бағдарламасында Эдуард Ещенко қола жүлдеге қол жеткізді.
Ал Әсем Орынбай, Зоя Кравченко мен Ольга Панарина үштігі командалық сында алтыннан алқа тақса, ерлер құрамасы (Эдуард Ещенко, Юнус Мачжон, Артём Седельников) күміс жүлдегер атанды.
Эль-Кувейт қаласындағы дода 2 наурызда аяқталады. Енді спортшылар трап бағдарламасында кім мықтыны анықтайды. Қазақстан құрамасы сапында барлығы 28 атлет осы Кубокке аттанған.