STEM-нің үздік жобалары пилоттық режимде іске асырылуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы республикалық STEM олимпиадасын өткізу жоспарланып отыр. Онда ұсынылатын үздік жобалар елордада пилоттық режимде іске асыру мүмкіндігіне ие болады.
Бұдан бөлек ең креативті шешімдер елорданың аудан әкімдіктерімен бірлескен «Ақылды аудан» жобасы шеңберінде пайдаланылатын болады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаланың цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен және Astana Innovations-пен бірге тұрақты негізде STEM бағытын дамытады. STEM-тәсіл барлық пәндердің байланысына негізделеді, мұнда оқушылар пәндерді жеке оқып қана қоймай, теориялық білімді қолдана отырып, жобалар ойлап шығарады. Елорда мектептерінде 50-ден астам STEM зертхана жұмыс істейді.
Айта кетейік, елордада алғашқы STEM олимпиадасы 2018 жылы өтті. Үш жыл ішінде екі қалалық және бір республикалық олимпиада өткізілді. STEM олимпиадаларында оқушылар 4 бағыт бойынша жобалар дайындады: ғылым, технология, инженерия және математика. Содан кейін «үй тапсырмасы», яғни ақылды үйлерден бастап анти-ковид қосымшаларға дейінгі әртүрлі салалардағы тұрғындардың өмірін жеңілдететін және жақсартатын дайын жобалар ұсынылды.
2020 жылы «COVID-19 жағдайын жақсарту бойынша шешімдер» тақырыбында қалалық STEM олимпиадасы өтті. Іс-шараның форматы мен өткізу орны санитарлық нормалар талаптарына сәйкес ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Елордалық оқушылар эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін цифрлық жобалар ұсынды.
Олимпиада жеңімпаздары JavaScript, html-де коронавирус инфекциясын анықтайтын сайт - «COVID-quiz» инновациялық жобасын жасап шығарды.
Республикалық STEM олимпиадасын 2021 жылы өткізу жоспарланып отыр, онда үздік жобалар іске асырылатын болады.