Ұстаздар білім саласындағы инновациялармен танысты
Астана, BAQ.KZ. Гидропоника, аквапоника, зымыран ғылымы, 3D-модельдеу, үштілділік, кадеттік қозғалыс, робототехника және электромобиль, сұлулық индустриясы мен кейтеринг. Осының бәріне елорданың білім беру ұйымдарында үйретеді.
Семинардың бірінші бөлігінде қонақтарға жобалық орталықтардың тәрбие жұмысы, мектепке дейінгі ұйымдардағы жаңалықтар, атап айтқанда Нұрәлем павильоны базасында инклюзивті білім беру жұмысы көрсетілді. Екінші бөлігінде қаладағы білім беру ордаларына бару жоспарланды. Мысалы, №58 мектеп-гимназияда озық инновациялық бағдарлама енгізілуде. Мектептің әрбір қабаты өзіндік тақырыпқа ие. Мұнда инновациялық алаңдар бар. Нақтырақ айтқанда, бұл робототехника және ракета моделдеу түріндегі кабинеттер. Ал мектептің үшінші қабатында жасыл технологиялар қойылған. Оқушылар мұғалімдердің көмегімен жасыл желек өсіруге жағдай жасаған. Олар алып жатқан білім болашақта жылыжай ашып осы қызықты іспен кәсіби айналысуға мүмкіндік береді.
Балалар үйінде әр баланың тәрбиесіне жеке қарайды. Балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда Q-Study білім орталықтары, оның ішінде робототехника, stem-зертхана, хореография залы, спортзал, шеберлер сыныбы, тігін шеберханалар курстары ашылған. Елордалық колледжге жасалған сапар аясында қонақтарға студенттердің дизайнерлік жұмыстары көрсетілді. Модельдер студенттердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар, шаш үлгілерін көрсетті.
Қонақтар тағам дайындау, ІТ-технологиялар саласындағы ресурстық орталықтармен танысты. Инновациялық әдістермен оқыту балалардың білім алуға қажетті дағдыларын, болашақ мамандықты таңдауда көмек береді деп сеніммен айтуға болады. Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап студенттерге дейін ғылыммен, инновациямен және тіл оқумен қуана-қуана айналысады. Олардан: «Мен оқуға барғым келмейді» деген сөзді естімейсіз.