Жарты миллион ұстаз заңның қабылдануын күтіп отыр – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым вице-министрі Рустем Биғари «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданса, ұстаздарды қандай өзгерістер күтетінін айтты.  

"Бұл дөңгелек үстелдің ұстаздар мерекесі қарсаңында өткізілгені қуантарлық жайт. Бүгінде елімізде 500 мыңнан астам мұғалім, педагог маманы қызмет атқарады. Мұғалімдерге білім беру ғана емес, оқушыларды азаматтыққа, патриоттыққа, кеңінен ойлауға, өздігінен шешім қабылдауға тәрбиелеу міндеттері жүктелген. Мемлекет тарапынан бұл мамандық иелеріне көп жағдай жасалуда. 2016 жылдан бері үстеме жалақы қосу қарастырылды.  Қазір біліктілік ұлттық тестін сәтті тапсырған ұстаздарға да жалақы қосылады", - деді вице-министр.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: мұғалімнің әлеуметтік рөлін арттыру аспектісі" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде. 

Биғари мемлекет басшысы Жолдауында қоғамдағы ұстаз рөлінің маңызына тоқталып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға тапсырма бергенін атап өтті. 

"Елбасының тапсырмасымен заң жобасы әзірленді. Ол заң бойынша ұстаздардың құқығын қорғау, оқу жүктемесін төмендету, марапаттармен қатар материалдық қолдау көрсету қарастырылған. Жалақыны екі есе көтеру, сынып жетекшілікке, дәптер тексергені үшін, педагогикалық қабілеттеріне байланысты үстеме жалақылар қарастырылады. Келесі жылдан бастап магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК көлемінде жалақысын өсіру қарастырылған. Өкінішке қарай елімізде магистр дәрежесін алған 5000 ұстаз бар. Болашақта олардың қатары артады деген үміттемін", - деді Биғари.

Вице-министр мемлекет басшысы Тамыз конференциясында ұстаздардың жалақысын екі есе көтеру тапсырмасын бергенін, осылайша алдағы төрт жылда екі есе өсетінін еске салды. 

"Келесі жылдан бастап олардың жалақысы 25% көбейеді. Жарты миллион ұстаз заңның қабылдануын күтіп отыр. Жыл соңында заң қабылданады, қазір белсенді түрде талқыланып жатыр", - деп сөзін түйіндеді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы