Ұстаз: Қазақ мектебінде білім төмен деген түсінік – дұрыс емес

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір білім нашарлап кетті дегенге келіспеймін. Заман өзгеріп жатыр, оның үстіне жастар да алғыр. Балаларға қазір не айтсаң, соны бірден үйреніп алады. Керісінше қазіргі жас мамандар бізге қарағанда көп нәрсені біледі. Бұл туралы Алматыдағы №65 жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзада Акымбекова сұхбатасу кезінде айтты.


- Гүлзада апай, сізді Ұстаздар күнімен құттықтаймын! Жалпы өзіңіз бұл салада көптен бері жұмыс істеп келе жатырсыз ба?

- 1989 жылы мектепті тамадаған соң Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына өзім армандаған филология мамандығына тапсырдым. 1994 жылы оқуды бітіргелі ұстаздық қызметте еңбектеніп келе жатырмын. Бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма 25 жылдай болыпты. Ұстаз болғаныма еш өкінбеймін. Себебі мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тілі мұғаліміне еліктеп, осы кісі секілді ұстаз болсам екен деп армандайтынмын. Бала кезден әдеби кітаптарды көп оқыдым.

- Мектеп қабырғасында жүргенде кітапты көп оқығаныңыз туралы айтып отырсыз, қазіргі оқушылар кітап оқи ма?

- Шынымды айтсам, көпшілігі оқымайды. Қазір орыс бөліміндегі 10 сыныптарға сабақ беріп жүрмін, "Максим Горькийдің «Человек в футляре», «Мать» деген романын оқыдыңдар ма?" деп сұрасам, көбі білмейді. Сондай кезімізде бұл шығармаларды жастанып алып оқитын едік. Қазіргі балалардың кітап оқымау себебі олар интернетте отырады. Заманға байланысты бәрі бір-бір телефонды құшақтап алып жүреді. Дегенмен шамамыз келгенше кітап оқуға қызықтырып отырамыз. Негізінен үйде ата-анасы баланы қадағалап, жақсы кітаптарға бағыт-бағдар сілтеп отыру керек. Бұрынғыдай емес қазір кітап дүкендері де, кітап та өте көп. Сондай-ақ, кітаптардың аудио нұсқалары да шығып жатыр, міне осыны алып тыңдаса да жақсы болар еді.

- Қазіргі мұғалім қандай болу керек?

- Айналамыздың барлығы дамып жатыр. Ештеңе бір орнында тұрмайды, технология бәрі алға жылжуда. Сондықтан мұғалімдер де осы заман ағымына бейімделіп отыру керек. Мәселен, қазір мұғалімнен үлкен шеберлікті талап етеді. Технология деп отырмыз ғой, сабақтың бәрі қазір интерактивті тақталар арқылы жүргізіледі. Бұл өте ыңғайлы әрі тиімді әдіс. Өйткені оқушыларға айтқаннан гөрі көзбен көрген, естіген жақсы. Мына Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жырын тауып тұрып оларға естіртеміз. Оның әсері жоғары болады. Интерактивті тақта деген жақсы болды, кез келген тақырыпта ізденіп, ноутбукпен дайындап әкеліп, олардың суретін, бейнетаспасын немесе аудиосын тыңдату арқылы сабақ өткізуге болады. Балалар қазір шығып жатқан технологияларды тез меңгеріп алады. Біз де соны үйреніп, олардың өз тілінде білім беруіміз керек. Яғни, қызықты әрі түсінікті етіп беруіміз керек. Мәселен бір ақынды немесе жазушыны өтетін болсақ ол жайында материалдарды көптеп жинап әкелемін, басқа танымал кісілердің ол ақын жайлы айтқан пікірлерін әкеп тыңдатамын. Ауызша айтқаннан гөрі бұл әдістің пайдасы зор. Сондай-ақ бұл баланың өздігінен ізденуіне жол ашады әрі білім сапасын арттырып, оқушыларға ой салады. Қазір оқимын, ізденемін деген балаға мүмкіндік көп.

- Соңғы жылдары Мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қаралып жатқанын білесіз. Осыдан кейін қандайда бір өзгерістер болды ма?

- Әрине, бір кездері мұғалімдердің беделі қатты түсіп кетті. Дегенмен жоғары мінберлерден ұстаздардың мәртебесі айтыла бастағалы оқушылар мен ата-аналар тарапынан мұғалімге деген менмендік әлсірей бастады. Бұрынғыдай емес құрмет көрсетіп, сыйлай бастады. Сондықтан бұл мәселе дер кезінде көтерілді деп ойлаймын. Жалпы баланың тәрбиесіне жауапты үйдегі ата-ана. Егер ата-ана мұғалімге қалай қараса, оқушы да солай қарайды. Біз ата-аналармен көп жұмыс істейміз, орыс сыныбы болғандықтан олар заңмен сөйлеп, бағынғысы келмей жатады. Сондықтан бұл заңның қабылданатыны жақсы болды. Сонымен қатар, жалақымыз да өсті, әр мұғалімнің біліктілігіне, категориясына қатысты ақша қосылып отырады.

- Сондай-ақ мұғалімдерден біраз жүктемелер алынып тасталады деп еді?

- Кейбір мұғалімдер айтып жүргендей бізде жүктеме жоқ. Бұрынғы кезде үй-үйді аралап участоктарды жазатынбыз. Көп болды бізде ондай жүктемені алып тастаған. Керісінше сабақ беруге жақсы жағдай жасап жатыр. Ертеректе сабаққа дайындалу үшін үйден плакат толтырып, әр оқушы үшін карточка әзірлеп әкелетін едік. Қазір оның бәрі артта қалды. Мұғалімдер тек ізденіп, жаңа технологияларды, әдістерді меңгеріп отыру қажет. Өзім жастардан қалыспай екі-үш рет жетілдіру курсына бардым.

- Өзімді жетілдіру курстарына қатысып тұрамын деп отырсыз, өзіңіздің жетістіктеріңіз туралы да айта отырсаңыз?

- Ұстаздар арасында бәсекелестік сайыстар болып тұрады. Оның пайдасы зор. Бәсекелестік болмаған жерде ұстаз дамымайды, өспейді. Өзім түрлі байқауларға қатысып тұрамын. Одан кейін мұғалімнің деңгейі оқушының жетістігімен бағаланады. Сондықтан оқушыларымды эссе байқауларына қатыстырып отырамын. Былтыр бір оқушым аудандық Алпамыс батыр жырын оқудан екінші орын алды. Ол 136 беттік жырды жаттады. «Рухани жаңғыру» аясындағы шаралар бойынша алғыс хаттармен марапатталдым. Республикалық эссе жазудан оқушым бірінші орын алып, тағыда алғыс хатпен марапатталдым. Одан кейін Абай оқулары, Мағжан оқулары, Махамбет оқуларына да оқушыларымды дайындап апарамын. Мұндай жетістікке жету үшін алдымен оқушымен дұрыстап жұмыс істеуің керек. Одан кейін өзім тіл маманы болғандықтан оқушыларға поэзияны, лирика, махаббат жайында өлеңдерді көп жаттауды тапсырамын. Жалпы табиғатты аялап, үлкенді сыйлап, айналасына мейірімділікпен қараса деймін ғой. Арасында жас мұғалімдерге де байқауларға қатысыңдар, одан қашпаңдар деп айтып отырамын. Ол ұстаздың ізденіп, дамуына көп септігін тигізеді.

- Оқу бітірген жастар мұғалімдікке бармайды деп жатамыз, оларды қалай тартса болады?

- Ол рас. Мұғалімнің қадірі түсіп кеткенде ешкім келгісі келмеді. Бірақ қазір бәрі өзгеріп жатыр. Бізге келген практиканттарға оқуды бітірісімен бірден мұғалімдікке барыңдар деп үнемі айтып отырамын. Өйткені университетті бітірген соң жастар басқа салаға барып 2-3 жыл жүріп қалса, қайта мұғалімдікке келгісі келмей қалады. Сол үшін оқуды тамамдаған соң бірден келу керек. Бұрын расымен де мұғалімдердің жүктемесі көп, ақшасы аз болды. Қазір жақсы жағына қарай өзгеріп жатыр, сондықтан еш қорықпастан келе беру керек. Әсіресе ер жігіттер келсе жақсы болар еді. Біз студент болғанда 2 жігіт болды, филфакқа көбінде қыздар тапсыратын еді ғой. Сонда бір жігіт «мен мұғалім болмаймын, директор боламын» деп отырушы еді. Сол расымен де қазір директор болып жүр. Сондықтан ер балалардың мұғалімдікке келгені жақсы. Оның үстіне мұғалімнің мәртебесі жайлы заң қабылданып жатыр. Енді жастар қорырқпай мұғалімдікке келетін шығар деген ойдамын.

Сондай-ақ оқушылар жас мамандардан білім алғанды ұнатады. Жастарда идея көп, интернет, жаңа технолгияны жақсы меңгерген, сондықтан олар сабақты да қызықты етіп өткізе алар еді. Жастарға мектептен қашудың қажеті жоқ, мұнда бар жағдай жасалып жатыр.

- Орыс сыныбына қазақ тілінен сабақ беремін деп отырсыз, олардың ана тілімізді үйренуге деген құлшынысы қандай?

- Қазақ тілі қазір мемлекеттік тіл деп оқытамыз. Оны бәрі үйренуге ынталы. Арасында қазақ балабақшасына барған өзге ұлттар да бар, міне солар жоғары деңгейде біледі. Өйткені мен тапсырманы қазақ тілінде айтамын, соны олар бірінші түсініп, алдымен орындайды. Ал үйінде бәрі тек орысша сөйлейтіндерге қиындау. Дегенмен балалардың тіл үйренуге деген көзқарасы жаман емес. Себебі Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін біліп отыр.

- Көпшілік Совет кезіндегі білім жақсы еді, қазір сапасыз болып кетті деп жатады. Бұл қаншалықты рас?

- Қазір білім нашарлап кетті дегенге келіспеймін. Дамыған замандамыз, оның үстіне жастар да алғыр. Балаларға қазір не айтсаң, соны бірден үйреніп алады. Керісінше қазіргі жас мамандар бізге қарағанда көп нәрсені біледі. Жаңа технологияны олар университет қабырғасында жүргенде бірден оқып кетеді екен. Біздің кезімізде жалпы педагогиканы оқытатын. Салыстырып қарайтын болсам Совет кезінде теориялық білімді көп берген екен. Себебі жырауларды жаттадық, морфология, фонетиканың барлығын жаттадық. Практикада көп шыңдалмайтынбыз. Өз басым қазақ тілі мен әдебиетінен көп оқығанымызды білемін, ал педагогикадан сабақ былай бөлінеді деген нәрсені оқытқан жоқ. Ал қазіргі жастарға жаңа технологияны, мына мектепте сабақ берудің әдіс-тәсілдерінің барлығын үйретіп жібереді екен. Ал біз мектепке педагогикалық жағынан еш дайындықсыз келдік. Сонда бір мұғаліміміз «беретін сабағыңнан мықты сөйлеп тұрсаң болды, бастысы аудиторияңды ұстай біл» дейтін еді.

- Келесі сұрағым да осы білім сапасына қатысты болып тұр. Бізде қазақ сыныбына қарағанда орыс бөлімінде білім сапалы деген түсінік қалыптасқан. Кейбір ата-аналар өздері бірауыз орысша білмесе де балаларын орыс сыныбына беріп жатады. Қазақша оқитындардың білімі расымен де төмен бе?

- Ол дұрыс емес, бәрі сабақ беретін мұғалімге байланысты. Орыс сыныбында қазақтар көп оқитыны рас. Олардың ата-аналарының өзі орысша оқығандар. Керісінше қазақ мектебінде тәртіп жақсы. Өз балаларым қазақ мектебінде оқиды, олар бастарына міндетті түрде бантик тағады және оларды джинсы, красовкамен сабаққа кіргізбейді. Онда тәртіп, бірізділік бар. Бертінге дейін мектеп киім үлгісі бекітілгенге дейін біздің орыс сыныбындағы оқушылар форманы кимеді. Сөйтсем ресми түрде киім үлгісінің бекітілмегенін бұлар біледі екен ғой. Ал мен балаларды ол бұйрық шықпаса да мектеп формасымен жіберетінмін. Тәртіп бар жерде білім де болатыны белгілі. Сондықтан оны бөліп-жарып қарауға болмайды. Әр жерде өз ісіне берілген педагогтар бар. Тек орыс мектептерінде қазір маман жетіспеушілігі байқалады. Өйткені оқу бітіргендердің көпшілігі педагогикаға барғысы келмейді. Одан кейін ауылды жерде де қазір орыс, ағылшын тілінің мамандары тапшы екен.

- Ұстаздар күніне орай әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

- Менің ұстаздық ұстанымым – әр шаңырақтың үміті болып отырған алдымдағы әр шәкіртімнің бабын таба білу. Жүрегіне ел, ұлт деген ұғымды ұялатып, жан шырағын жаға білу.

Біз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері шырайлы тілді ұрпақ санасына жеткізе білуіміз керек. Әр бала бір елдің бақыты, мемлекеттің байлығы. Сол бақыт, байлық біздің алдымызда, оларды жақсы баптау тұрғысында міндетімізді абыройлы атқаруымыз қажет.

Осы орайда ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтаймын!

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға, - деп Абай атамыз айтқандай шәкірттеріңізге берген білімдеріңіз ақталып, тек еңбектеріңіздің жемісін көріп, жоғары дәрежелі ұстаз болыңыздар!

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы