Статидің алаяқтық схемаларын әшкерелейтін сайт іске қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әділет министрлігі Анатолий және Габриэль Стати жасаған алаяқтық туралы дәлелдемелерді жариялау үшін жаңа веб-сайтты іске қосты.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
2021 жылғы 13 қазанда Әділет министрлігі Анатолий және Габриэль Стати жасаған алаяқтық туралы дәлелдемелерді жариялау үшін жаңа веб-сайтты іске қосты: www.kzarbitration.com
Веб-сайттың негізгі мақсаты - осы күрделі іс туралы нақты ақпаратты тарату және тиісті дәлелдерге қол жеткізу. Бұл ақпарат қоры істің ашықтығын арттырады және алаяқ Статидің Қазақстан Республикасына және оның халқына зиян келтіру мақсатында таратқан жалған ақпараты мен өтірігін жоққа шығарады.
Сот қаулылары, сараптамалық қорытындылар және басқа да жалпыға қолжетімді құжаттар түріндегі дәлелдемелер, кем дегенде, 2006 жылдан бастап Статидің күрделі және көп қырлы алаяқтық схемасын жүзеге асырып жүргендігін растайды.
Веб-сайт Анатолий және Габриэль Статидің халықаралық инвесторлардан қаражатты алаяқтық жолмен қалай алғанын, қаржылық есептілікті бұрмалағанын, аудиторлық қорытындыларды алаяқтық жолмен алғанын және мемлекеттен өздері жымқырған ақшаны өндіріп алу үшін Қазақстан Республикасына қарсы халықаралық арбитражды қалай бастағанын түсіндіреді, - делінген министрлік хабарламасында.
Алаяқтық туралы толық ақпарат хронологиялық тәртіппен жазылған және Әділет министрлігі жинаған дәлелдермен расталған. Веб-сайттағы ақпарат оқиғалардың дамуына қарай үнемі жаңартылып отырады.