Starship 11-ші сынақ рейсін сәтті аяқтады
АҚШ-тың SpaceX компаниясы Starship ғарыш кемесінің 11-ші сынақ ұшырылымын сәтті орындады. Кеме прототипі Үнді мұхитына сәтті қонды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Зымыран тасығыш Техас штатындағы Starbase ғарыш айлағынан жергілікті уақыт бойынша 18:24-те ұшырылды. Сынақ рейсі 1 сағат 6 минутқа созылды.
Жерге қош келдіңіз, Starship, - деп хабарлады ұшырылым тікелей эфирін жүргізуші.
Сынақ барысында кеме өз жүк бөлігінен Starlink байланыс жүйесінің сегіз спутниктік симуляторын ғарышқа шығарды. Сонымен қатар Raptor қозғалтқышының қайта іске қосылуы мен кеменің қайта оралу жүйелерінің сенімділігі тексерілді.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жолы Starship-тің жерге тікелей қонуы мақсат етілмеген.
Біз бүгін Starship-ті қайтарғымыз келмеді, - деп түсіндірді хабар тарату кезінде инженерлер.
15 наурызда SpaceX басшысы Илон Маск 2026 жылдың соңына дейін Starship көмегімен Марсқа Optimus атты адамтәрізді роботты ұшыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Егер бұл миссия сәтті өтсе, 2029 жылы адам бар кемелердің ұшуы да жүзеге асырылуы мүмкін.
Масктың айтуынша, басты мақсат — 20 жылдан кейін Марста өзін-өзі қамтамасыз ете алатын қала салу.